
«Жалынды жастар - Қазақстанның жарқын болашағы»
2017 жылғы 9 қаңтарда Павлодар облысы Лебяжі ауданында білім беру бөлімі мен аудандық білім қызметкерлері кәсіподағының ұйымдастыруымен «Қазақстан 2050 стратегияларын іске асырудағы жастардың рөлі» атты жас мамандар форумы өтті.
Форумның мақсаты: жас педагогтардың шығармашылық бастамаларын дамыту және кәсіби өсуіне ықпал ету.
Форумның басталуы алдында аудандық жалпы орта білім беру мектебінде кәсіподақтың әдістемелік кабинеті ашылды. Ашылу барысында Жамбыл және Аққу жалпы орта білім беру мектептерінің жас мамандары Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында атқарған «Болашақ жастардың қолында» тақырыбындағы көрмелерімен таныстырды.
Жастар форумына Павлодар облысы Лебяжі ауданы білім беру бөлімінің басшысы Е.Е. Еркенов, Павлодар облысының білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ төрайымы – Г.Ә. Наурызбаева, облыстық жастар кеңесінің төрағасы Е.С.Иманбаев және де ауданның жас педагогтары қатысты.
Пленарлық бөлімде білім беру бөлімінің әдіскері Г.Б.Батталова «Жас мамандардың шығармашылық ізденістерін арттыру, іскерлікке дағдыландырудағы әдістемелік жұмысы» тақырыбындағы баяндамасын ұсынса, жастар кеңесінің төрайымы С.А. Бекенова 2016 жылы жас мамандардың ұйымдастыруымен өткен іс-шараларына тоқталып, 2017 жылға арналған бағыттарымен таныстырды және оған жету жолдарымен де бөлісті.
Білім беру бөлімі мен жастар кеңесі мектептердегі көп тілділікті дамыту, жастардың ауылдық жерлерде орнығу, мұғалім мамандығының мәртебесін арттыру, сонымен бірге «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясын жүзеге асыру тәрізді жұмыстарда «Қазақстан - 2050», 2016-2019 жылдарға арналған білім және ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын негізге алып отыр. Облыстық «ІІ Жас ұстаздар құрылтайы» шарасының қорытындысында қабылданған үндеудің «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы – педагогикалық шеберліктің шыңына 25 қадам және патриоттық іс-әрекеттер» атты науқанын белсенді қолдап, көптеген шаралар өткізді. Ауданда «Екі жұлдыз» атты патриоттық әндер сайысы, «Тарих – ғасырлар куәсі», «Өнер алды – қызыл тіл» тәрізді байқаулар ұйымдастырылды.
Қатысушылардың назарына аудандық мәслихаттың депутаты, Лебяжі аудандық жалпы орта білім беру мектебінің жас педагогы – Қуаныш Жұмабайұлы Жиеналин бөз баяндамасын ұсынды. Бүгінгі таңда ауылдық жерлерге «Дипломмен ауылға!» мемлекеттік бағдарламасымен келетін жас мамандардың әлеуметтік кепілдіктері, қатты отынға өтемақы төлеу, іссапар шығындары, тегін медициналық байқаудан өту мәселелері өз шешімін тауып отыр. Сонымен бірге Базарханов Е.Ж. және Баймулды А.Ж. білім беру саласындағы инновациялық ендіруде өз тәжірибелерімен бөлісті.
Форум жастардың ән шырқауымен және облыстық жайдарман сайысында 2 орынға ие болған «Жас жалын» командасының өнер көрсетуімен жалғасын тапты.
Білім беру жүйесіне және аудандық жастар қозғалысының дамуына қосқан үлесі үшін білім бөлімінің басшысы Е.Е. Еркенов және Облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ төрайымы – Г.Ә. Наурызбаева форум қатысушыларына өз тілектері мен жылы лебіздерін білдіріп, жас ізбасарларын Алғыс хатпен, Құрмет грамоталарымен және бағалы сыйлықтармен марапаттады.
Қорытындылай келе, жас маманның бір бөлігі үшін педагогикалық жетістікке жетудің жолы мамандығына деген қызығушылық болса, ал кейбіреуі үшін алдыңғы орында өз пәнін жетік біліп, жан-жақты дамыған маман болу деп есептейді. Бірақ барлығы «мұғалім әрдайым өз-өзін жетілдіріп, үнемі ізденісте болуы керек» деген пікірді алға ұстайды.
Самал Бекенова,Павлодар облысы Лебяжі аудандық жастар кеңесінің төрайымы
-
Фото
-