
Патриоттықәндер байқауы
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Тәуелсіздік-тұғырым» атты жергілікті сазгерлердің патриоттық әндер байқауы өтті. Облыстық ғылыми-әдістемелік және мәдени қызмет көрсету орталығында өткен өнер додасына аймақтағы кәсіподақ мүшелері қатысты.
Басты мақсат-жергілікті сазгерлердің патриоттық әндерін жас ұрпаққа насихаттау, орындаушылардың шығармашылығын шыңдау, кәсіподақтың беделін арттыру. Қатысушылар реттік нөмір бойынша әр аудан, қала бір жеке әнші және дуэт орындауда өз өнерлерін көрсетті.Одан бөлек ҚР Елбасы күніне арналған «Елбасымен тілдесу» тақырыбындағы кәсіподақ жастары арасындағы ұйымдастырылған эссе байқауы қорытындыланды. Бірінші орынды Маңғыстау гуманитарлық колледжінің 1–курс студенті Джамиля Ходжа-Ахметова және екінші орынды Маңғыстау ауданы, Нұн Жұбаев атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Аяған Сембайұлы, облыстық мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мектеп-интернаттың бастауыш сыныбының мұғалімі Жұлдыз Тарғынова иеленді, - дейді Маңғыстау облыстық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы ұйымының төрайымы Тәрбия Баймбетова.
Өнер бәсекесінің қорытындысында жеке орындаушылар арасында бас жүлдеге Ақтау қаласы №8 орта мектептің ән-саз пәнінің мұғалімі Назира Тұржанова лайық деп танылды. Бірінші орын Бейнеу ауданы Құлшар Бақтыбайұлы атындағы өнер мектебінің мұғалімі Гүлбану Бөрібаеваға бұйырса, екінші орыннан Жаңаөзен қаласы №25 «Толағай» балабақшасының ән-саз жетекшісі Төлесін Ибашов көрінді. Үшінші орынды Маңғыстау ауданы №2 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айбану Ахметдуллаева мен Қарақия ауданы, №5 орта мектептің мұғалімі Ұлжан Қонысбаева иеленді.
Дуэт бойынша өнер көрсетуден бас жүлдені Бейнеу ауданы Құлшар Бақтыбайұлы атындағы өнер мектебінің мұғалімдері Гүлбану Бөрібаева мен Қарагөз Мерешова қанжығалады. Бірінші орынды Ақтау қаласы, Абыл атындағы өнер мектебінің мұғалімдері Елдос Сейілов пен Нұрлан Қожантаев еншілесе, екінші және үшінші орындарды Маңғыстау ауданы, №21 орта мектептің мұғалімдері Бақытнұр Селбаева мен Аймекен Дауылбаев, Қарақия ауданы, Құрық балалар өнер мектебінің мұғалімдері «АяЖан» дуэті, Түпқараған ауданы Ақшұқыр мектеп-лицейінің мұғалімдері Ақпанар Түметова мен Бейбіт Қабисатов өзара бөлісті.