
ӘЛЕУМЕТТІК ӘРІПТЕСТІКТІ ДАМЫТУ көшпелі семинарда кеңінен талқыланды
Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы Жамбыл облыстық ұйымының Жамбыл аудандық комитетінің ұйымдастыруымен аудандық кәсіподақ ұйымдары арасындағы озық тәжірибені бөлісу, аудандық активпен пікір алмасу, аймақтардағы кәсіподақтың тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында «Кәсіподақ ұйымдарында әлеуметтік әріптестікті ұйымдастыру және ұжымшарттық қатынастарды жетілдіру» тақырыбындағы көшпелі семинар өтті. Осындай семинарлар бұған дейін Сарысу, Шу, Қордай және Меркі аудандарында өткенді.
Аудандағы іргелі білім ордаларының бірі – Ю.Гагарин атындағы орта мектебінің базасында өткен семинар ел егемендігінің алғашқы жылдары ауданның білім беру саласының басынан өткен ауыр кезеңдері мен аудандық кәсіподақ туралы деректі фильмді тамашалаудан басталды. Аудандық комитет төрағасы Ернар Тәжібаевтың алғы сөзінен кейін аудандағы 2015-2017 жылдарға жасалған ұжымдық шарттың орындалу барысы туралы аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Динара Қасымова баяндама жасады. Баяндамашы ұжымдық шарттың кәсіподақ мүшелері-білім беру ұйымының қызметкерлерінің әлеуметтік-еңбек құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғау, оңтайлы еңбек жағдайларын жасауды міндеттейтінін айтып, ол үшін ауданда барлық мүмкіндіктер мен жағдайлар жасалып отырғанын айтты. Мәселен, былтыр саланы қаржыландыруға 4 млрд. 186 млн. аса қаржы бөлінсе, биыл ол 5 млрд. 483 млн. теңгені құрап отыр. Сәйкесінше аудандағы білім мекемелерінің материалдық-техникалық базасы нығайып, жаңа құрал-жабдықтар сатып алынуда, кітап қоры молаюда. Бірқатар мектептер күрделі жөндеуден өткен, өртке қарсы, жылыту маусымына байланысты шаралар түгел шешімін тапқан.
Ал аймақтағы құқықтық инспектор Әйгерім Сәрсенбаева наурыз айынан бері 49 жоспарлы, 5 арыз-өтініштер негізінде тексерістер жүргізіліп, ұжымдық шарттың талаптарының орындалуы бойынша 51 заң бұзушылыққа жол берілгенін, нәтижесінде 538883 теңге өндірілгенін айтты. Осы уақытта барлығы 136 құқықтық кеңес беріліп, тексеру, ұсыныстардың қорытындысы бойынша кәсіподақ мүшелеріне 1 2090 103 теңге қайта есептеліп, төленген.
Семинардың екінші жартысында Б.Беспаев атындағы орта мектептің психологы Меруерт Ермекбаеваның модераторлығымен мәселені әлеуметтік әріптестік тұрғысынан шешуге арналған ситуациялық ойындар өтті. Семинарға қатысушыларды мектеп басшылары, балабақша меңгерушілері және кәсіподақ жетекшілерінен құралған 3 топқа бөліп, арнайы дайындалған видеодағы мәселелерді шешуге шақырды. Әр топ өз бетінше сұрақтарға жауап іздеп, күнделікті тәжірибелерінің нәтижесінде оң шешім табуға тырысты. Белсенді кәсіподақ жетекшілері Қайрат Отарбаев, Бектұрсын Жамансариев, Гүлнар Омарбековалар өз пікірлерін айтып, әлеуметтік әріптестік арқылы, келіссөз арқылы еңбек дауларын шешудің оң тұстарын көрсетті. Құрамында кәсіподақ төрайымы Гүлсін Орынбаева, төрайым орынбасары Ерұлан Мағзымбеков, біріккен комитет төрағасы Жанболат Орынбеков және құқықтық қызмет басшысы Берік Баймағамбетов бар эксперттік топ мүшелері топтардың пікірлерін тыңдап, дұрысы мен бұрысын анықтап, қорытынды жасап, пікірлерді түйіндеп отырды.
Семинар соңы аудандық комитет төрағасы Ернар Тәжібаевтың баяндамасымен түйінделді. Өз баяндамасында ол нарықтық қатынастардан туындаған экономикалық ахуал жағдайында еңбекшілердің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін реттейтін құрал әлеуметтік әріптестік екенін, бұл тұрғыдан алғанда саланың бас жұмыс берушісі Раушан Қожамжаровамен шынайы іскерлік жағдайда жұмыс атқарылып жатқанын, сонымен қатар, филиалға қарасты 48 бастауыш кәсіподақ ұйымының тұтқасын бойларында білімділігі мен табандылығы, кәсіби шеберлігі мен үлкен адамгершілігі бар азаматтар нық ұстап отырғандығын, соның арқасында кәсіподақ мүшелері еш алаңсыз негізгі қызметі – бала оқытумен айналысып келе жатқандығын айтты.
«Еркін микрофон» атты пікір алмасу кезеңінде семинардың мазмұны мен маңыздылығы, артықшылығы мен кемшін тұстары туралы аудандық комитет төрағалары өз пікірлерін білдіріп, лебіздерін жеткізді. Ал Кәсіподақ төрайымы Гүлсін Орынбаева әлеуметтік әріптестік арқылы тұрақтылыққа, еңбек қатынастарын реттеу мен еңбек заңнамасының толық сақталуына қол жеткізуге болатындығын айтып, кейінгі жылдары аудандағы әлеуметтік тұрақтылықтың, қызметкерлердің еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау, жұмыс орындарын сақтау, өндіріс қауіпсіздігін қамтамасыз ету барысында ілгерілеушіліктер бар екенін ерекше атап өтті.
Бейбіт БЕКНАЗАРОВ
-
Фото
-