
БІРІККЕН КОМИТЕТТІҢ ҚОРЫТЫНДЫ ПЛЕНУМЫ
Жылдың соңы атқарылған шаруаларды қорытындылауға ыңғайлы кезең. Осы ретте Кәсіподақтың Жамбыл облыстық ұйымының Біріккен комитеті кәсіподақ үйінің мәжіліс залында биылғы жылдың қорытынды IIІ Пленумын өткізді. Пленум жұмысына аталмыш ұйымның кәсіподақ белсенділері мен пленум мүшелері, мекеме басшылары мен бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалары қатысты. Жиынды ашқан комитет төрағасы Жанболат Орынбеков күн тәртібіндегі негізгі сұрақ - «Әлеуметтік әріптестік жөніндегі 2015-2017 жылдарға арналған облыстық салалық Келісім мен ұжымдық шарттың орындалу барысы мен сала ұйымдарындағы ұжымшарттық қызметті жетілдіру туралы» айтты.
Бүгінгі таңда 41 бастауыш кәсіподақ ұйымдарында жеті жарым мыңнан аса сала өкілі мен студент жастарды кәсіподақ мүшелігімен қамтып отырған комитеттің барлық ұйымдарында келісімдер мен ұжымдық шарттар қабылданғанын, 2016 жылғы 1 қаңтардан қолданысқа енген Еңбек кодексінің талаптарына сай 2015-2017 жылдарға жасалған әлеуметтік әріптестік туралы Келісімге өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы қосымша келісім жасалып, оған дербес қосымша ретінде Білім және ғылым ұйымдарындағы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі Өндірістік кеңес туралы, Білім беру ұйымдарындағы еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспектор туралы және Жеке еңбек дауларын шешу жөніндегі Келісу комиссиясы туралы Ережелер еніп, қосымша келісім облыс әкімдігінің еңбек инспекциясының басқармасында мониторингтен өткен. Ұжымдық шарт талаптарының орындалуы бойынша осыдан бес-он жыл бұрынғы жағдайларға қарағанда ілгерушілік бар екендігін комитет төрағасы атап өтті.
Комитет төрағасының баяндамасында аталған мәселелерді нақтылай түсу үшін жарыссөзге шыққан «Мейірім» арнайы түзету мектеп интернатының БКҰ төрайымы Алтынай Алмабекова өз мекемелеріндегі ұжымдық шарттың орындалу барысы туралы, ал №3 Байзақ колледжінің студенті Альфия Рахметуллаева оқу орнының студенттік кәсіподақ ұйымының жұмысына кең тоқталды.
Пленум барысында күн тәртібіне сәйкес Филиалдың 2017 жылғы каржылық шығын сметасы бекітіліп, Филиалдың Пленум құрамына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы мәселе қаралды. Жиын соңында Біріккен комитеті филиалының бірқатар үздік бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалары облыстық ұйымның Алғыс хаттарымен марапатталса, барлық жиын қатысушыларына жаңа жылдық сыйлықтар табыс етілді.
Перизат БАҚЫТ
-
Фото
-