АРДАГЕРЛЕР АРДАҚТАЛДЫ
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында бірқатар Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің көңілі марқайып қалды. Кезінде қарудан кейін қолдарына қалам алып, ұстаздық жолда елеулі еңбек еткен бүгінде құрметті зейнеткерлік демалыстағы ардагерлерді Түркістан қалалық білім және ғылым қызметкерлері ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Міндетбаев құттықтап қайтты. Есімдерін екшелеп көрсетек, Абдулла Ирисметов, қаламыздағы №15 М. Жұмабаев атындағы мектеп-гимназиясында еңбек еткен, ұстаздық жолда талай белестерге шыққан қарияның отбасында болып, мерекемен құттықтады. Одан соң №8 Н. Төреқұлов атындағы мектептің зейнеткер-ұстазы, ардагер Ергеш Ташметовтың шаңырағына барып, айтулы мереке аясында жылы лебізін арнап, қуанышына себепкер болды. Қос абыздан соң №11 Ж. Жабаев мектебінің ардагер ұстазы болған Әбдіжаппар Дайрабаев ақсақалдың қолын алып, қолтығын демеп, естеліктерінен сыр шертіп, Тәуелсіздік турасындағы әдемі әңгімелердің арқауына айналды. Үш ақылы дария абызға да сый сияпаттарын жасап барған Амангелді ағамыз жарқын жүздесулерден ерекше мейірім көрді. Жалпы, қатарлары уақыт өте сиреп бара жатқан зейнеткер-ұстаздар, абыз-ардагерлер қашанда құрметке лайық. Оларды көзі тірісінде бағалап, қадіріне жету біз бен сізге парыз. Тәуелсіздіктің торқалы тойы осындай қазыналарымызмен мерейлене түспек.
АҚМАРАЛ ҒАНИҚЫЗЫ,ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫ
-
Фото
-