КҮШТІ КӘСІПОДАҚ-ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДІҢ СЕНІМДІ ҚОРҒАНЫ
Кәсіподақ комиеті қашанда мұғалімдер мен сала қызметкерлерінің қамқоршысы, һәм ақылшысы. Олар білім саласындағы даму мен жаңашылдыққа мән беріп, сүбелі үлес қосып келеді. Елімізде өтетін айтулы мерекелерді елеп, ескеріп, елең етіп ерекшелендіріп үлес қосатыны да жасырын емес. Ұстаздың абыройын асқақтатып, зейнеткердің мәртебесін өсіріп отыр. Әсіресе, бастауыш кәсіподақ ұйымының төраға, төрайымдары белсенді еңбектің жемісі мен жеңісін қатар көрген көпке үлгі боларлық мамандар. Олар мереке қарсаңында байқау өткізіп, шын жүйрікті анықтады. Түркістан қаласындағы №24 жалпы орта мектебінде өткен қызу сайыс жайында кеңірек тарқатсақ.
Түркістан қалалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитеті ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай тәжірибелі, көп жылдан бері атқарып келе жатқан белсенді бастауыш кәсіподақ ұйымы төрағаларының үлгілі жұмыстарын, іс тәжірибелерін насихаттау мақсатында байқау өткізді. Шара «Күшті кәсіподақ – қызметкерлердің сенімді қорғаны» тақырыбымен айдарланды. Мереке қарсаңында ұйымдастырылған байқауға білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетіне қарасты қала және ауыл мектептері, мектептен тыс мекемелер, балабақшалардың кәсіподақ ұйымының төрағалары мен төрайымдары қатысты. Үміткерлердің құжаттары Түркістан қалалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің әдістемелік орталығында жиналып, алдын-ала өткізілген жеребе бойынша анықталған болатын. Сонымен, мектептің, қала берді кәсіподақ ұйымының намысын қолдан бермей бақ сынауға келген 10 үміткердің аты-жөнін тарқатсақ, Ғ. Мұратбаев атындағы №5 жалпы орта мектебінен Жәмила Оразқұлова, балалар мен жасөспірімдер орталығында көп жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Айнұр Жүсіпәлі, №27 жалпы орта мектебінен Аширбек Құрманғазы қатысса, «Өркен» балабақшасынан Лола Баймұратова бақ сынады. Т. Айтжанов атындағы жалпы орта мектебінен Хурият Абуталипов пен Қызыл жол мектебінен Ләззат Әбдікәрімова, Ташанақ мектебінен Илхам Султанкулов, «Айгүл» балабақшасынан Айгүл Куленова және №20 жалпы орта мектебінен Аятулла Халтаев, С. Рахимов мектебінен Бахтияр Тажиметов қатысып, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атануға барын салды. Сегіз қырлы бір сырлы кәсіподақ белсенділерінің өнерін бағалауға әділ қазы алқалары бекітілді. Төрағасы қала әкімінің орынбасары Ғани Рысбеков болса, құрамында қалалық мәслихат депутаты Жәмила Төреханқызы, қалалық білім бөлімінің басшысы Бекарыс Шойбеков және бас маман Гүлбарам Малбаева, балалар мен жасөспірімдер орталығының директоры Сара Таңғатарова мен Шобанақ жалпы орта мектебі директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Рисмет Досанов болды. Қатысушылар байқаудың шарты бойынша 4 кезең негізінде сынға түсті. Оның алғашқысы өзін-өзі таныстыру болса, біліктілігін анықтау, яғни заңнамалар туралы тест сұрақтары екінші кезеңді құрады. Өз өнерін көрсету сыны үшінші кезеңді қамтыса, тосын сыймен (ерекше шеберлікпен таң қалдыру) қорытындыланды. Әрбір кезеңге 3 минут уақыт берілді. Байқау барысында қатысушылар қаншалықты белсенді екендіктерін көрсетіп бақты. Алғашқы кезеңде яғни таныстыруда әркім өзінше дайындықпен келгендерін байқатты. Бірі өмірдеректерін қара өлеңмен өрсе, енді бірі домбыранының сүймеледеуімен өзі жайлы мәліметті әнмен әлдилетті. Кәсіподақ саласында атқарылған жұмыстарына қатысты фотоларды арнайы экраннан көрсетіп, ұпайларын еселей түсті. Ал, біліктілігін арттыру кезеңі де кімнің мықты кәсіподақ маманы екендігін дәлелдеуге жол ашқандай. Арнайы берілген тест сұрақтарына жауап беріп, қазылар алқасына тапсырды. Байқауға қатысушылардың ерекше қыры ашыла түскен тұсы - өз өнерін көрсету сыны. Мұнда үміткерлер өнерден де құр алақан емес екендіктерімен қуантты. Араларында кәсіби музыкалық білімі барлар сахнаның көркін қыздырса, енді бірі «әу» демейтін қазақ жоқ екенін әдемі ән айтумен паш етіп, ал әннен мүлде хабары жоқтар билерімен тәнті етті. Соңғы қорытынды сайыс тосын сый сынында тақырыпқа сәйкес тосыннан сыйлықтар ұсынылды. Өз шеберліктерін де барынша көрсеткен кезеңде әйелдер қауымы тәтті нандары мен он саусақтарынан бал тамғандарымен ерекшеленсе, ерлер қауымы ел Тәуелсіздігіне қатысты картиналар мен жаңа жылдық шыршалардың макеттерін жасап келіпті. Мұндағы басты ой қатысушы фантазиясының жүйріктігі. Әрбір үміткер оны өз деңгейінде көрсете білді. Тіпті біреулері жиылған жұртшылықты расында таң қалдырып жатты. Әрине әділдігін анықтап, сапасын саралайтын қазылар алқасы өз бағасын қоя білді. Байқауға Шымкент қаласынан келген Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Оңтүстік Қазақстан облыстық ұйымы төрағасының орынбасары Ахмет Абуов құрметті қонақ ретінде шақыртылды. Кеш соңында Ахмет мырза сөз алып, барша кәсіподақ саласы мамандарын Тәуелсіздіктің торқалы тойымен құттықтап, мықты майталмандарға деген ізгі тілегін жеткізді. Марапаттар мен ықыластар ұштасқан мерекеде Ахмет Абуов Түркістан қалалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитеті, ерекше жұмыстармен көзге түскен кәсіподақ ұйымының белсенді мүшелерін Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Оңтүстік Қазақстан облыстық ұйымының «Кәсіподаққа еңбегі сіңген қызметкер» төсбелгісімен бірнеше қызметкерлерді марапаттады. Олардың алғашқысын Түркістан қалалық білім бөлімінің бас маманы Гүлбарам Дүйсебекқызы иеленсе, №24 жалпы орта мектебінің оқу ісі жөніндегі орынбасары Нургуль Лақабаева және балалар мен жасөспірімдер орталығының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлжан Жұмакелдіқызы мен «Айгүл» балабақшасының меңгерушісі Гүлмира Турежановалар еселі еңбектерінің жемісін көрді. Ал, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Оңтүстік Қазақстан облыстық ұйымының «Құрмет грамотасымен» Қызыл Әскер жалпы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі Сейілхан Ахметов және №9 Некрасов атындағы мектеп-гимназиясының тарих пәні мұғалімі Айнұр Ерназарова, Бабайқорған жалпы орта мектебінің ұйымдастырушы-педагогі Орынбек Абылаев пен «Бөбек» балабақшасының меңгерушісі Шарипа Алдажұманова мереке қарсаңында марапатталды. Белсенді еңбек пен жұмысқа деген алғырлығы мол болып зейнеткерлік демалысқа шыққан Түркістан қалалық білім және ғылым қызметкерлері ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Міндетбаев сахна төріне шығып, мерекелік құттықтауын жаудырып, зейнеткерлік жасқа жеткен кәсіподақ ұйымының жетекшілерін марапаттады. Олардың қатарында Саз мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Гүлзейнеп Мырзаханова мен Х.А.Яссауи жалпы орта мектебі бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Бустан Чалов бар. Құттықтау сөздің кезегін Гүлжан Әсілбайқызы жалғады. Қамқоршы төрайым, іскер басшы білім саласына өлшеусіз үлес қосқан бірқатар азаматтарды марапаттады. А. Үсенов атындағы орта мектептің директордың шаруашылық жөніндегі орыбасары Оспан Тоқмырзаев, Изатуллаев атындағы орта мектептің кіші қызметкері Айбек Бабановты және «Балбөбек» балабақшасының бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Ғабит Саргелов және №15 М. Жұмабаев атындағы мектеп-гимназиясының бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Ләззат Айтынбетова, қалалық білім бөлімінің электригі Бахтияр Диметов пен «Өркен» балабақшасының тәрбиеші көмекшісі Зәуре Өтебай және Қосқорған мектебінің кіші қызметкері Света Юнусованы марапаттады. Ал, қала әкімінің орынбасары, қазылар алқасының төрағасы Ғани Құрмашұлы кәсіподақ белсенділерінің бейнеті қашанда мақтауға лайық екендігін өз сөзінде тілге тиек етіп, барша ұстаздардың анасы Гүлжан Әсілбайқызының осы салада табан алмай атқарған тынымсыз еңбегін өзгелерге үлгі етіп ерекше ықыласпен атап өтті. Сонымен қорытынды бойынша алдымен арнайы номинациялардың иелірі анықталды. «Белсенді – төраға», «Ізденімпаз – төраға», «Қиыннан қиыстырушы – төраға», «Ата Заңды дәріптеуші – төраға», «Сегіз қырлы, бір сырлы – төраға» номинациялары лайықты азаматтарға берілді. Ал, жүлделі үшінші орынның тұғырынан «Айгүл» балабақшасының намысын қолдан бермей, қазақ әйеліне тән бейнесі бар Айгүл Күленова көрінсе, қос ІІ орынды №20 жалпы орта мектебінен қатысқан Аятулла Халтаев пен С. Рахимов мектебінен үміткер Бахтияр Тажиметов өзара бөлісті. Жүлделі бірінші орын балалар мен жасөспірімдер орталығының жеңісін еселеп қатысқан Айнұр Жүсіпәлінің қоржынына салынды. Бас жүлде байқау басында- ақ талантымен көзге түсіп, қоңыр даусымен жиналғандарды таң қалдырған Ғ. Мұратбаев атындағы №5 жалпы орта мектебінің кәсіподақ комитетінің төрайымы Жәмила Оразқұловаға бұйырды. Барлық жеңімпаз атанған байқауға қатысушыларға ақшалай сияпаттар ұсынылды. Номинация иелеріне 10000 (он мың) теңге көлемінде берілсе, ІІІ орынға 20000 (жиырма мың), ІІ орынға 30000 (отыз мың), І орынға 40000 (қырық мың) және бас жүлде иесіне 50000 (елу мың) теңге сыйақы табысталды. Қатысушы кәсіподақ төрағалары мен төрайымдары байқаудың өткізілгеніне ризашылық білдіріп, кәсіподақ төрайымы Гүлжан Әсілбайқызына ақ жарма алғыстарын жеткізді. Осындай Түркістанның туын көкке желбіретер жеңімпаздарға сәттілік тілеп, болашақта беделімізді биіктен көрсетеріне сеніммен қараймыз.
АҚМАРАЛ ҒАНИҚЫЗЫ, ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫ
-
Фото
-