
ЖҮЗДЕН ЖҮЙРІК, МЫҢНАН ТҰЛПАР
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Жамбыл облыстық ұйымы салалық төл басылымы «Еңбекші» газетінің ұжымымен бірлесе отырып кәсіподақ мүшелері арасында байқау жариялаған болатын. Байқау жарияланған алғашқы күнен бастап соңғы сәтке дейін комиссияның сараптауына кәсіподақ мүшелерінен материалдар ағылып келіп жатты.
Үздіктерді іріктеу байқау шарты бойынша тақырыптың өзектілігіне, оның толыққанды ашылуына және мазмұнының тереңділігіне, сондай-ақ тілінің шұрайлылығына қарай жүргізілді. Нәтижесінде Тәуелсіздіктің 25 жылдығын өз өмірімен өзектес етіп жақсы суреттеп, егемендіктің тарихын кәсіподақ ұйымымен әдемі ұштастыра әңгімелеген «Тәуелсіздікпен бірге түлеген» атты мақаланың авторы, Жамбыл ауданының Амангелді орта мектебінің мұғалімі, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Мұхтар Жақыпов байқау жеңімпазы атанып, бас жүлдені жеңіп алса, Тәуелсіздік тақырыбына тереңнен тоқталып, соны уақыт ағынына бойлай отырып жақсы жеткізе білген, әрі егемендікті ұлықтап қана қоймай, ендігі жерде соның жолында елдіктен таймау үшін күресуді тоқтатпауды үндейтін «Тәуелсіздікті қастерлеу мен бағалау – міндетіміз» атты мақаланың авторы, М.Х.Дулати атандағы ТарМУ-дің заң факультетінің аға оқытушысы Серік Көшербаев жүлделі 2-ші орынды иеленді. Ал елді бірлікке үндеп, қолдағы бар жақсылығымызды бағалауға шақыратын «Күн қалай керек болса аспаныңа» деген тақырыпта жыр жазған Әсет Қуанышбеков есімді азамат жүлделі 3-ші орынға лайық деп танылды. Сондай-ақ, тақырыбы ішкі мәнін аша алатын, ұйқастары бір-бірімен ұйысып тұрған «Тұғырлы тәуелсіздігім» атты өлеңді жазып, бәйгеге атын қосқан Жамбыл ауданының Тұрар Рысқұлов атындағы орта мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Зульфия Қалматаева Алғыс хатты қанжығасына байлады.
Байқауға қатысқан өзге үміткерлердің ішінде тарих пәнінің мұғалімдері Ерсін Исаев пен Бақыткүл Есимова өз мақалаларында тек тарихи деректерге ғана арқа сүйеп, байқаудың басты шарты – тәуелсіздік пен кәсіподақ қозғалысының арасындағы байланысты сөз етуді назардан тыс қалдырып қойған. Осындай анықтаманы ағылшын тілі пәнінінің мұғалімі Гүлжан Умирбековаға, балабақшаның музыка жетекшісі Манат Абдрешоваға және қазылар алқасына өз өлеңдерін жолдаған Х.Маразыкова, Э.Ашимова, А.Скендір, А.Құдайбергенова секілді үміткерлерге де қаратып айтуға болады.
Байқау жеңімпаздарын марапаттау рәсімі таяуда ғана кәсіподақ үйінде жүзеге асырылды. Атаулы рәсім Кәсіподақтың облыстық комитеті өткізген кезекті Пленумының отырысымен тұспа-тұс келді. Осыған орай, байқауға қатысып, жеңімпаз атанған азаматтарға арнайы дипломдар мен заттай бағалы сыйлықтарды салалық кәсіподақ ұйымының төрайымы Гүлсін Орынбаева көпшіліктің алдында өз қолымен табыс етті.
Талғат ТАЛАПҰЛЫ,ақын, байқау комиссиясының мүшесі
-
Фото
-