
Павлодар облысының Үздік жас ғалымы
2016 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Педагогикалық шеберліктің шыңы және патриоттық істерге 25 қадам» атты науқан аясында облыстық «Импакт факторы бар журналдарда ғылыми мақалалар жариялау бойынша үздік жас ғалым» атты конкурс жарияланды.
Конкурс Ережесі аймақтың төрт жоғары оқу орындарына таратылды. Ережеге сәйкес байқауға 35 жасқа дейінгі оқытушы-профессорлар құрамымен қатар магистранттар, докторанттардың қатысу мүмкіндігі болды.
Ағымдағы жылдың қазан айының аяғына дейін барлығы 16 жұмыс келіп түсті, оның он бірі – С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің жас ғалымдары болса, бесеуі – Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының өкілдері. Қатысушылар арасындағы ең жас ғалым – 26 жаста.
Конкурстық комиссия мүшелігіне келесі құзыретті мамандар тартылды: Павлодар облысы жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы, педагогика ғылымдарының кандидаты Н.В. Нефедова, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ғылыми жұмыстары және инновациялар жөніндегі проректоры, биология ғылымдарының докторы, профессор Н.Т. Ержанов, Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының ғылыми жұмыстары және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Ә.С. Ильясова, Павлодар облысы бойынша педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыру институтының кафедра меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Болат Құдайбергенұлы және Қоғамдық бірлестіктің бас маманы, Жастар кеңесінің төрағасы Е.С. Иманбаев.
Байқаудың қорытындысы 2016 жылғы 15 желтоқсанда Павлодар облысы әкімдігі жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ-нің конференц залында өтті.
«Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Павлодар облыстық ұйымы» ҚБ-нің төрайымы Г.Ә. Наурызбаева алғы сөз сөйлеп, барлық қатысушыларды құттықтады. Конкурстық комиссия мүшелері аталған байқаудың Қазақстанда тұңғыш рет өтілуін, оның маңыздылығы мен көкейкестілігін ерекше атап өтті.
Қазылар алқасының шешімімен 1 орынға С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті Биотехнология ғылыми-тәжірибелік орталығының кіші ғылыми қызметкері Көпжасаров Төлеген Жұмашкенұлы ие болып, І дәрежелі дипломмен және 100000 теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықпен, 2 орын Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты экономика, құқық және философия кафедрасының доценті Ахметов Арман Серікұлына бұйырып, ІІ дәрежелі дипломмен және 75000 теңге көлемінде ақшалай сыйлықпен, 3 орынды С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті география және туризм кафедрасының аға оқытушысы Жакупов Алтынбек Аманжолұлы жеңіп, ІІІ дәрежелі дипломмен және 50000 теңге ақшалай сыйлықпен марапатталды.
Қатысушылардың барлығына сертификаттар мен 10000 теңге көлеміндегі сыйақы табысталды.
Сонымен қатар ҚБ төрайымы конкурстық комиссия мүшелеріне ризашылығын білдіріп, Алғыс хат берді.
Қатысушы жас ғалымдар да өз тараптарынан алғыс айтып, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтады.
-
Фото
-