Үздік студенттер үйі анықталды
2016 жылы қазан-қараша айларында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Педагогикалық шеберліктің шыңы және патриоттық істерге 25 қадам» атты науқан аясында облыстық «Үздік студенттер үйі» атты конкурс өткізілді.
Студенттердің жатақханада тұру жағдайын, олардың хал ахуалын, рейтингілік көрсеткіштерін, олардың мекеме әкімшілігімен өзара қарым-қатынастарын және өзін-өзі басқару жауапкершілігін айқындау мақсатында «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Павлодар облыстық ұйымы» жанындағы Жастар кеңесі ұйымдастырған конкурстың қорытындысы 2016 жылдың желтоқсан айында Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының «Жастар алаңы» атты студенттік коворкинг орталығында жарияланды.
Конкурсқа облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының құрамына кіретін жоғары оқу орындары мен колледждері қатысты.
Байқаудың өткізілу барысында қазылар алқасының мүшелері – жас педагогтар 8 мекеменің 10 жатақханасына барып, оны зерделеп, етене танысып, «Серпін» бағдарламасымен оқитын студент жастарымен сұхбаттасу барысында көптеген мағлұмат алып, оң бағаларын берді.
Шараны Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының проректоры Ербол Исакаев ашып, Жастар кеңесінің төрағасы Ернар Иманбаев және мүшелері Махаббат Смайлова, Айнагүл Сәбитова мен Рымкеш Сүлейменова қатысушыларды қоғамдық бірлестіктің Алғыс хаттарымен және бағалы сыйлықтармен марапаттады. Жүлделі марапаттарды сыйлау қоғамдық бірлестіктің төрайымы Гүлбарам Наурызбаеваға ұсынылды. 3 орынды С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің №2 студенттер жатақханасы еншілесе, 2 орын Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының №1 студенттер үйіне бұйырып, 1 орын Б.Ахметов атындағы Павлодар педагогикалық колледжінің Жастар үйіне берілді. Дәрежелі дипломдармен қатар аталған оқу орындарына заманауи кір жуғыш машина және тоңазытқыштар сыйға тартылды.
Қатысушы мекемелер басшыларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен студенттік кеңестердің, кәсіподақ ұйымдарының төрайымдары ұйымдастырушыларға өз алғыстарын білдіре отырып, болашақта аталған байқаудан өзіндік қорытындыларын шығаратындарын айтып, студенттік кәсіподақ ұйымын құру мәселесін де көздеді.
-
Фото
-