Жаса, тәуелсіз елім менің!
Өткен аптада Ботақара кентіндегі №1 қазақ орта мектебінің акті залында тағы да бір үлкен шара дүбірледі. Бала жанына ерекше нұр себетін, сапалы біліммен қаруландыратын, үлкен өмір жолына аттандырып салатын ұстаздар өздерінің бойындағы әншілік, күйшілік, бишілік өнерлерін сахна төрінен көрсетті.
Қазіргі таңдағы мұғалім жұмысына үлкен талаптар қойылған. Күнделікті ауқымды жұмысынан басқа олар ата-анамен де байланыс жасауы қажет. Қағаз бастылығы бір басынан асып жататын Бұқар жырау ауданы ұстаздары бәріне де уақыт табатынын осы мәдени шара көрсетті.
"Тәуелсіздік - тұғыры" атты Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған білім беру ұйымдарының шығармашылық ұжымдары арасындағы аудандық байқау өлшемдері мынадай болатын - орындау шеберлігі мен әртістігі, сахналық мәдениеті мен киім үлгісі, көпшіліктің қатысуы, тақырыптың ашылуы, мәнерлі өнер көрсету, уақыт аясына сыйымдылығы.
Аталмыш шараға 17 білім ұжымы мен 4 мектепке дейінгі ұжым қатысты. Сайыстың әділ бағасын беру үшін қазылар алқасы тағайындалды. Олар аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлмира Мәжитова, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ержан Найманбай, аудандық өнер мектебінің ұстаздары Жүлдыз Аяпбергенова, Маржан Жұмаділова, аудандық "Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Қарағанды облыстық ұйымының Бұқар жырау аудандық комитеті" филиалының төрайымы Эльвира Хамитова еді.
Тәуелсіздік деген сөздің аясына барлығы да сияды. Ол - бұлтсыз ашық аспан, балалардың сыңғыр, алаңсыз күлкісі, ананың ыстық құшағы. Ата-бабаларымыз осылардың барлығы баянды болуы үшін жан аямай күрескен. Біз тәуелсіздігімізді қастерлеп, барымызды балаларымыздың қолдарына беруіміз үшін еңбектенудеміз. Жеріміз, бар байлығымыз біздің балаларымыз үшін қызмет етуі керек.
Гүлмира Мәжитова, Эльвира Хамитова ұстаздарға зор денсаулық, шығармашылық жемістер тіледі. Ержан Найманбаев өз сөзінде:
- Ел боламын десең, бесігіңді түзе,- дейді халқымыз. Алдарыңызда отырған пәк жүректі балдырғандар өнерге сіздер арқылы келеді. Сәтті байқау болсын,- деген болатын.
Петровка орта мектебі сайыс шымылдығын ашып берді. Осы күнгі бағдарламада сайыскер мектептер тәуелсіздігімізді әспеттеп, мың бұрала биледі, сыңғырлата ән салды. Қазақстан республикасында түрлі ұлттар тату-тәтті өмір сүріп жатқанына тоқталды. Өздерінің тарихи отанынан репрессияға ұшырап, қуғындалған ұлттар мен ұлыстардың қазақ жеріне келіп, пана тапқандарын толқи тұра әнге қосты.
Сахна - киелі жер. Ол әдемілікті, талғампаздықты, әдемі жүріс-тұрысты қажет етеді. Осы киелі сахнадан сол бір күні қаншама әдемі, әуезді әуендер аспанға шарықтады. Бір әнде мұң басым болса, келесіден ұлттық рух, патриотизм лебі есіп тұрды. Енді бір сәт көз алдымызда көкте шарықтаған қыран құс, ұшы мен қиырына көз жетпейтін қазақтың сайын даласы керіліп жатты. Маңғаздана басқан түйелер, ақ қанаттары талмаған кептерлер, әділеттің көк туы желбірген кіршіксіз аспанымыз - бәріне біз иеміз. Тойыңыз тойға ұлассын, ұстаздар қауымы!
Сарытөбе негізгі мектебі ұжымы тәуелсіздік мерекесіне ерекше ізденіспен, жаңашылдықпен келіпті. Тәуелсіздік жылнамасын көлеңке арқылы көз алдымызға келтіріп, осы уақытта жеткен жетістіктерімізді көрермен қауымға паш етті. Үштөбе ауылының "Аяла" бақшасы, Ботақара кентінің "Балдәурен" бөбекжай-бақшасы, Ғ.Мұстафин кентінің "Росинка" бөбекжай-бақшасы, Доскей ауылының "Ақбота" балабақшасы ұжымдары да баршамызға ортақ мерекеге ән, жыр, би шашуымен келіпті.
Үш сағатқа жуық созылған мерекеден жақсы әсер алып шықтық. Токаревка орта мектебінің ұжымы дайындап әкелген "Халықтар достығы" биі сайысты қорытып, мәресіне жеткізді.
Осындай тамаша сайысты ұйымдастырған Қарағанды облысының білім қызметкерлері кәсіподағының Бұқар жырау аудандық комитетінің төрайымы Эльвира Хамитованы әңгімеге тарттық:
- Ән мен жыр сайысы сәтті өткенін оттай жанған өнерпаздар көздерінен, оларға толассыз қол шапалақтаған көрермендер қауымының жүздерінен көрдім. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойы баянды болсын дей отырып, осындай мағыналы шараны өз мәнінде өткізуге ат салысқан білім бөлімінің бас маманы Сандуғаш Құсбековаға алғысымды білдірім келеді,-деді тебіреніп.
Бұл сонымен бірге облыстық сайысқа іріктеу кезеңі болғандықтан, ол мәртебе - Бас жүлдеге Токаревка орта мектебі ұстаздар ұжымы лайықты болып табылды. 3-орынға Жаңаталап орта мектебі, 2-орынға Сарытөбе негізгі мектебі, 1-орынға Елтай орта мектебі ие болды. Оларға грамоталар, басқа қатысушыларға сертификаттар, ақшалай сыйлықтар тапсырылды.
Құралай Ахметова,Бұқар жырау ауданы, Қарағанды облысы
-
Фото
-