Отан- қуат, отбасы- шуақ
Уақыт – қарқынды зымыран іспеттес. Кешегі күннің оқиғасы бүгін тарихқа айналып жатқаны... Еліміз ширек ғасыр бұрын қол жеткізген дәл осындай Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық тарихи мерейтойын қуана тойлауға кірісіп те кетті...
Осы мақсатпен, ел Тәуелсіздігін ұлықтау мақсатында Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Қызылорда облыстық ұйымының қолдауымен,білім беру саласында қажырлы еңбек етіп жүрген ұстаздар отбасыларының рухани-адамгершілік құндылықтарын насихаттау, отансүйгіштік, мейірімділік асыл қасиеттерін өскелең ұрпаққа жеткізу мақсатында «Отан- қуат, отбасы- шуақ» атты ұстаздар отбасыларының байқауы өтті. Әке мейірімімен құрышын қандырып, ана сүтінен нәр алып, әке ұлағаты мен ана тағылымын көріп өскен ұрпақ елін, жерін, халқын сүйетін ұлтжанды тұлға болып қалыптасады.
Мұхтар Әуезов атамыздың «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген нақыл сөзі отбасы тәрбиесінің маңызын айқындап тұрғандай...
Бұл байқау барынша мазмұнды, мағыналы болып өтті. Іс-шара облыс мектептерінде еңбек еткен ардагер-ұстаздар отбасыларының ішінен үйленгендеріне биыл 50 жыл толған «Алтын той» иегерлері, ынтымағымен ел ықыласына бөленіп, өнегелі ұрпақ тәрбиелеген ардагер ұстаздардан құралған Майлыбаевтар отбасын, ел Тәуелсіздігінің құрдастары - 1991 жылы отбасын құрып, отасқандарына ширек ғасыр толған ұстаздар отбасын және биыл ғана шаңырақ көтерген жас жұбайларды құттықтау рәсімімен бастау алды. Одан әрі 5 кезеңнен тұратын байқау басталып та кетті.
«Сәлем- сөздің анасы» деп аталатын алғашқы бөлімде әр педагог отбасы ұстаздық қызметі, жеткен жетістіктері, бала тәрбиелеудегі ерекше ұстанымдары мен алға қойған мақсаттары туралы айтып, өздерін таныстырды. «Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» бөлімінде өз қолдарымен дайындаған дүниелерін көрермендерге ұсынып, олардың жасалу жолдарын таныстырды. «Өнерім- өрісім» бөлімінде өздерінің отбасылық өнерлерін көпшілікке тарту етті. «Салтын сыйлаған ел озар» бөлімінде қатысушыларымыз салт-дәстүрге байланысты сұрақтарға жауап берді. Соңғы «Сән әлеміне саяхат» бөлімінде қазақ киімдерінің элементтерін осы күнгі киімдерге пайдаланған дизайнерлік қабілеттері сарапқа салынды.
Байқауға барлық отбасы топтары жақсы дайындықпен келген. Искаковтар отбасы қазақша бимен ел қошеметіне бөленсе, Алибековтер отбасы флешмоб билеп, бой сергітті. Тажденовтер ән әуелетті, Бөлекбаевтар қолөнерде алдына жан салмады. Танымдық салт-дәстүрге қатысты сұрақтарға да отбасы мүшелері ақылдаса отырып мүдірмей жауап бере білді. Шәкірт тәрбиесімен өзгенің бақытын аялай, өз уақытын аямай жүретін ұстаздар отбасымен өткен бұл байқау терең мәнділігімен дараланды.
Отаншылдық отбасынан басталады десек, өз жанұясының жеңісі үшін жанын салған әр отбасы мүшесі құрметке лайық болды. Жеңімпаздар анықталып, сый-құрметке бөленді. Жүлделі орындар анықталып, ерекшелігіне қарай «Ынтымақты отбасы», «Парасатты отбасы», «Өнегелі отбасы» номинациялары тағайындалды.
Әр қазақтың шаңырағында шаттық орнасын. Ынтымағы жарасқан Тәуелсіз еліміздегі берекелі отбасының іргесі мықты болсын! Еліміздің 25 жылдық Тәуелсіздігі тұғырлы, ғұмыры ұзақ болғай!
Қызылорда қалалық білім және ғылымқызметкерлері кәсіподағының төрайымыО.М. Алимбетова
-
Фото
-