
ӨТКЕН САРАЛАНЫП, БОЛАШАҚ БОЛЖАНДЫ
«Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Жамбыл облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігі өткенді саралап, алдағы қызмет бағытын айқындау мақсатында кәсіподақ комитетінің Пленумын өткізді. Кәсіподақ үйінің мәжіліс залында өткен Пленум жұмысына алқалы өкілеттік орган мүшелерімен қатар әлеуметтік әріптестер – облыстық білім басқармасы басшылығы, білім беру саласын басқаратын жергілікті мемлекеттік орган басшылары, білім беру ұйымдарының жетекшілері, кәсіподақ көшбасшылары мен белсенділері және БАҚ өкілдері қатысты.
Пленум барысында негізгі баяндаманы Кәсіподақтың Жамбыл облыстық ұйымының төрайымы Гүлсін Орынбаева жасады. Кәсіподақ төрайымы өз баяндамасында «Әлеуметтік әріптестік жөніндегі 2015-2017 жылдарға арналған облыстық салалық Келісімнің орындалу барысы мен сала ұйымдарындағы ұжымшарттық қызметті жетілдіру туралы» мәселеге кеңінен тоқталып, терең сараптама жасады.
Баяндамада кәсіподақ ұйымдары үшін қолжетімді сапалы білім мен оқыту жағдайын жақсартуды қамтамасыз етуде басты алғышарттар ретінде білім саласының ресурстық қамтылуын, педагогикалық қызметкерлердің әлеуметтік және кәсіби мәртебесін, сала өкілдері мен білім алушылардың әлеуметтік кепілдік деңгейін елеулі арттыру секілді басымдықтардың қарастырылатындығы айтылды.
Кәсіподақтың құқықтық қызметінің араласуымен есепті мерзім ішінде заңсыз жұмыстан босатылған, сондай-ақ жұмыстан босату қаупі туындаған 67 сала өкіліне құқықтық көмек көрсетілді. Әрдайым сала өкілдері-мұғалімдерге жұмыс берушілер тарапынан жасалған заңсыз әрекеттердің алдын алу мақсатында тиісті материалдар мемлекеттік еңбек инспекциясына жолданып отырады. Кәсіподақ заңгерлері сала қызметкерлерінің құжаттарын сотқа рәсімдеп, кәсіподақ мүшелеріне соттарда тегін өкілдік жасайды. Сонымен қатар, Кәсіподақтың облыстық ұйымы мен оның құрылымдары алдағы кезеңде өкілеттік ету мен құқықтық қорғау қызметін білім қызметкерлері мен білім алушылардың әлеуметтік кепілдік жағдайын төмендетпестен, білім беруді жаңарту жағдайында тың әрі күрделі, уақыт талабына жауап бере алатындай міндеттерді шешуі тиіс.
Олар негізінен:
- Білім саласындағы нормативтік-құқықтық базаның өзгеруімен;
- «Кәсіптік одақтар туралы» ҚР жаңа Заңының талаптары мен шарттарын толыққынды жүзеге асырумен;
- 2016 жылы қолданысқа енген Жаңа Еңбек кодексінің;
- мемлекеттік білім беру ұйымдарындағы еңбек ақы төлеудің жаңа жүйесінің орындалуымен;
- Педагогикалық қызметкерлердің әлеуметтік мәртебесі мен беделінің артуымен;
- Кәсіподақтағы ұйымдастыру, ақпараттық, кадрлық, қаржылық және жобалық-инновациялық жұмыстардың сапасын арттыру және оны жетілдірумен;
- Кәсіподақ кадрлары мен белсенділерінің біліктілігін тұрақты түрде және үздіксіз арттыру үшін оңтайлы ұйымдық-қаржылық және оқу-әдістемелік жағдайлар жасаумен және тағы басқалармен байланысты.
Негізгі баяндама оқылып біткесін сөз кезегі жарыссөзге шығушыларға берілді. Осыған орай, Кәсіподақтың Қордай аудандық филиалының төрайымы Фатимат Байбекова, Қаратау гуманитарлық-техникалық колледжінің директоры, Талас аудандық мәслихатының депутаты Докторбек Мәселбеков, Т.Рысқұлов ауданы әкімдігі білім бөлімінің басшысы Ләззат Утеулиева, Кәсіподақтың Тараз қалалық комитетінің құқықтық сұрақтар жөніндегі бас маманы Арман Стыбаев және облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Жамиля Бекбатырова сөз алып, ортақ тақырыпқа қатысты ойларын ортаға салып, ұсыныс, тілектерін жеткізді.
Алқалы жиында күн тәртібіндегі екінші мәселе Кәсіподақтың облыстық комитетінің 2017 жылға арналған сметасын бекіту туралы облыстық ұйымның бас есепшісі-Республикалық салалық тексеру-бақылау комиссиясының мүшесі Гүлия Акимбаева баяндап берсе, кезекті мәселе облыстық комитеттің құрамындағы өзгерістер мен толықтырулар жөнінде облыстық ұйым төрағасының орынбасары-Пленум мүшесі Ерұлан Мағзымбеков хабарлама жасады.
Қорыта айтқанда, Пленумның күн тәртібінде қаралған барлық мәселелер бойынша Кәсіподақтың облыстық комитетінің Пленумы тиісті Қаулыларды қабылдап, шешімдерді бектітті.
Жиын соңы ұлық мерекеміз – Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай өз салалары бойынша озат деп танылған кәсіподақ белсенділерін марапаттау рәсіміне ұласты. Марапатталғандардың қатарында кеуделеріне «Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» күміс төсбелгісін таққандар да, сондай-ақ Республикалық салалық кәсіподақ ұйымының Құрмет грамотасымен және Жамбыл обылысы әкімінің Алғыс хатымен, сондай-ақ салалық кәсіподақ ұйымының Құрмет және Алғыс хаттарымен марапатталғандар да болды.
Перизат БАҚЫТ
-
Фото
-