«Өнерімді саған арнаймын, Тәуелсіз елім!» атты облыстық гала-концерт
2016 жылғы 30 қарашада С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің мәжіліс залында Павлодар облысы білім беру басқармасы мен «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Павлодар облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Өнерімді саған арнаймын, Тәуелсіз елім!» атты білім беру ұйымдарының көркемөнерпаздар ұжымдарының облыстық байқау-конкурсы өтті.
Білім беру ұйымдары қызметкерлерінің шығармашылық қабілеттерін айқындау, шабыт таныту мақсатында қалалар мен аудандардың 5000-нан астам педагогтары қазан-қараша айларында іріктеу турларға қатысып, келесі номинациялар бойынша өнерлерін көрсетті: халықтық және эстрадалық вокал; халықтық және эстрадалық хореография; аспаптық ансамбль. Шығармашылық орындауларын таныстыруға облыстық гала-концертте туған жерге, Тәуелсіз елге деген тақырыбымен 150 педагог өнер танытты. Қазылар алқасының төрағасы болып Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты музыкалық білім беру теориясы мен әдістемесі кафедрасының меңгерушісі, ҚР Мәдениет қайраткері, өнертану кандидаты, философия докторы – Еркін Жанайхан әділ бағасын берді.
Концертке облыстың танымал педагогикалық еңбек ардагерлері, білім беру саласының қызметкерлері мен студенттер қауымы көрермен ретінде қатысып, Қазақстан халықтарының әндері мен билерін тамашалап, үлкен ләззат алды.
Шараның қорытындысында байқау ұйымдастырушыларының атынан қазылар алқасының мүшелері – Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты музыкалық білім беру кафедрасының доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты Тілеуберді Азамат, «Павлодар облысының кәсіподақтар орталығы» АКБ төрағасының орынбасары Т.В. Соловьева және Павлодар облысы әкімдігінің жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ-нің «Раздолье» ансамблінің көркемдік жетекшісі Н.Ф. Федосова тарапынан қатысушыларға конкурстың лауреаты деген дипломдар табысталды және ақшалай сыйлықтар берілді.
«Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Павлодар облыстық ұйымы» ҚБ-нің төрайымы Г.Ә. Наурызбаеваның пікірінше, тек дарынды педагог қана өз соңынан шәкіртін жетектеп, оларға кез-келген белестерден өтуге қол ұшын бере алады және мәңгілік жадында қалады. Конкурсқа қатысқан барлық педагогтар онсыз да жеңімпаз атанды деген оймен қорытындылап, оларға жылы лебіз тілектерін білдірді.
Бұл тәрізді байқау-конкурстардың дәстүрге айналуы ұстаздар қауымы арасында шығармашылық қабілеттің дамуына өз үлесін қосары сөзсіз.
-
Фото
-