
Студенттің өзін-өзі басқару күні
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекетттік университеті 17 қараша - Халықаралық студенттер күніне орай «Студенттің өзін-өзі басқару» күні өтті.Негізгі мақсаты университет ұжымы мен студенттер арасындағы қарым-қатынасты нығайту, жастар саясатының жұмысын жандандыру, тәжірибе алмасу.
Жарты ғасырлық тарихы бар оқу ордамыздың ректоры қызметін шетел тілдері факультетінің 4 курс студенті Қартжан Нарқозы абыройлы атқарып шықты. Ал, оқу және оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректор қызметін техникалық факультеттің 4 курс студенті, ерекше белсенді Абдраманов Назарбек атқарса, ғылыми жұмыс және халықаралық қатынастар жөніндегі проректор қызметін техникалық факультеттің 2 курс студенті, ғылым-білімге жаны құмар Мурзагалиев Ерхан басшылық етсе, тәрбие жұмысы және әлеуметтік-экономикалық мәселелер жөніндегі проректор қызметін шетел тілдері факультетінің 2 курс студенті Тыныбекова Диляра, кәсіподақ ұйымының басшылығының орнында аса жауапкершілікпен Қарасай Нұрай ойдағыдай атқарып шықты. Сондай-ақ барлық факультеттің декан қызметтерін сол факультеттің студенттік декандары алмастырды.
«Еңсесі биік оқу ордамыздың басшысы Кенжеғали Кенжебаевтың ректорлық қызметін атқару бүгін маған бұйырыпты! Университет басқарудың қызығы мен шыжығы, жауапкершілігі мен міндетін арқалап, барша студенттер мен оқытушылардың үкілі үмітін ақтап, сенімдерінен шығу, əр түрлі саланы бір арнада тоғыстырып, бəсекеге қабілетті мамандар даярлаудың қаншалықты қиын екенін бүгін түсіндім. Мойыныма артылған 8 сағаттық бүгінгі қызметімнің əрбір минуты мен үшін қымбат болды. Басшы болуды қаламайтын адам кемде-кем болар. Ия, əдемі жерге, əдемі болып отыру көзге оңай көрінгенімен, бұл істі кез-келген адам дөңгелетіп əкете алмас. Ол үшін ең алдымен асқан ақыл, шыңдалған сабыр, қайсар мінез, талап пен жігер керек. Осындай аңыз адамның абыройлы қызметін атқаруым менің өмірімдегі ең үлкен жетістігім деп білемін! Сондай-ақ барлық басшылардың орнын алмастырған белсенді студенттерге алғысым шексіз. Бір жеңнен қол шығарып, бір жағадан бас шығарып ынтымақ пен бірлікті ту етіп, асқақтаған арманымызға жетуге тілектеспін. Студенттер күні құтты болсын! » - деді өз сөзінде студенттік ректор Қартжан Нарқозы.
Осы күні Педогогика және психология факультетінің белсенділері дәлізде ойындар өткізіп, студенттерге ерекше көңіл-күй сыйлады.
Иә, студенттік шақ – жалын атқан жастықтың, ешқашан қайтып келмейтін аяулы шақ. Үлкен өмірдің бастамасы, баспалдағы. Халықаралық студенттер күні құтты болсын, ізденушілер!
Нұрпейісова Ақжүніс
-
Фото
-