КЕЗЕКТІ СЕМИНАР КӨП КЕҢЕС БЕРДІ
Жуырда Шымкент қаласында білім және ғылым қызметкерлері Оңтүстік Қазақстан облыстық кәсіподақ комитеті ұйымдастырған қалалық және аудандық кәсіподақ мамандарымен семинар өткізілді. Аталған салаға қатысты мәселелерді талқылаған жиынға Шымкент, Түркістан қаласы және көршілес Ордабасы, Мақтаарал мен Сайрам аудандарының кәсіподақ мамандары қатысты. Семинар жұмысын облыстық кәсіподақ комитетінің төрағасы Ә. Шалқар ашып берді. Күн тәртібіне өзекті деген тақырыптар қойылып, аудандармен бірлесе Шымкент, Түркістаннан келген мамандармен тәжірибе алмасты. Алдымен бейнефильм көрсетіліп, ортақ тақырыптың аясы кеңейтілді. Одан соң облыстық кәсіподақ комитеті төрағасының орынбасары А. Абуов «Кәсіподақтар туралы» заңын практикада қолдану жайында барынша мол мағлұматпен құлақтандырды. Біздің яғни, Түркістан қалалық кәсіподақ комитетінің маманы М. Кенжебаева жеке еңбек дауларын шешу жөніндегі келісу комиссияларының жұмысы туралы слайд арқылы баяндады. Әсіресе, кәсіподақ комитеті дайындаған кітапшалар мен күнтізбелік құралдарды ұсынып, өзге аудандарға үлгі болды. М. Жаңбыршықызы өз баяндамасында еңбек шартына жете тоқталып, педагог қызметкерлердің құқықтары мен міндеттерін және жауапкершілігін жеткізіп, педагогтік әдеп нормаларын сақтауға қатысты ойын ортаға салды. Еңбек құқығы мен жеке еңбек дауларын да назардан тыс қалдырмады. Өз жұмысын қорытындылай келе жеке еңбек дауларын шешу жөніндегі келісу комиссияларының жұмысы және оны қалыптастырудың әдістемелік ұсыныстарымен таныстырып, көрсетілген тақырыпқа басымдық берді. Семинарда еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңес және еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспектор өзінің жұмыс тәжірибесінен Сайрам аудандық кәсіподақ комитетінің маманы Р. Искакова баяндады. Күн тәртібіндегі кезекті тақырып «Кәсіподақты оқыту ұйымы туралы» Мақтаарал аудандық кәсіподақ комитетінің маманы А. Ниязбеков ауқымды ақпарат берді. Ал, ҚР Еңбек кодексін практикада қолдану туралы облыстық кәсіподақ комиететің маманы Л.И. Ан. қорытындылады. Бес сағатқа созылған жиында кәсіподақ белсенділері марапатталды. Олардың қатарында Түркістан қалалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің маманы М. Кенжебаева бар. Білім беру жүйесінде, сала қызметкерлерін әлеуметтік қорғауда атқарған көп жылдық мүлтіксіз және белсенді еңбегі мен жетістіктері үшін облыстық кәсіподақ комитетінің төрағасы Ә. Шалқардың қолы қойылған алғыс хат тапсырылды. Дәл осындай мәтіндегі Құрмет грамотасы кәсіподақ комитетінің маманы Ф. Дадабаевқа берілді. Қос әріптесімізді марапаттарымен барша білім саласы қызметкерлері атынан шынайы құттықтаймыз.
Жалпы, мұндай семинар кәсіподақ саласында қызмет етіп жүрген мамандарға қажетті ақпарат алуға, оны кеңінен пайдалануға мол мүмкіндік беріп отыр. Алдағы уақытта семинарда түйген ой мен алынған мәліметтер жүйелі жұмыс жасауға септігін тигізеді.
АҚМАРАЛ ҒАНИҚЫЗЫ,Түркістан қалалық «Ұстаз» газетінің тілшісі
-
Фото
-