
БҮГІНГІ КӘСІПОДАҚҚА – БЕЛСЕНДІ ЖАСТАР
Кез-келген қоғамда жастар масыл ретінде емес, керісінше қымбат ресурс ретінде қабылданады. Кәсіподақтар да жастардың қоғамдық өмірге атсалысудағы белсенділігін арттыру мәселесіне, жастардың қоғамдағы алатын орнын айқындауда, олардың әлеуметтік ахуалдарын көтеру мәселелерінен тыс қалмауға ниетті. Сондықтан биылғы ұлық мереке - Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында «Бүгінгі кәсіподаққа – белсенді жастар» атты мүшелікке ынталандыру айлығы үшінші рет өткізілді. Шымылдығы «Менің Қазақстаным!» атты патриоттық әндер мен кәсіподақтық жыр байқауымен және «Қалдырған ізің мәңгілік» атты ардагер ұстаздарға құрмет көрсету шарасымен басталып, кәсіподақтық оқу семинарлары, жастар арасындағы жайдарман ойындары, волейболдан кәсіподақ кубогі үшін турнир, жас мамандарға тегін құқықтық кеңес беру, облыстық «Қазақстан-Тараз» телеарнасында түсірілген «Сіз не дейсіз?» ток-шоуына қатысу секілді игі істермен жалғастырылып, соңы «Жастар және қоғам. Жастардың құқықтары мен мүдделерін қорғау» тақырыбындағы «дөңгелек үстел» отырысы айлықтың қорытынды шарасы болды.
Басқосуға аймақтағы жастар ұйымдарының өкілдері, жоғары және орта кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттік кәсіподақ жетекшілері мен белсенділері, жастар ісі жөніндегі комитет төрағалары, білім және ғылым жүйесінің жас жұмыскерлері, Жастар саясаты басқармасының өкілдері, құқық қорғау органдарының және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысып, өзекті тақырып, мәңгі тақырып – қоғамдағы жастардың алатын орны мен олардың белсенділігін әңгімеге арқау етті.
Қорытынды жиында сөз алып, отырыстың көрігін қыздырғандардың арасында салалық кәсіподақ ұйымының төрайымы Гүлсін Орынбаева жастарды салалық кәсіподақ ұйымына саналы мүшелікке кіріп, қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысуға шақырса, жергілікті полиция қызметінің бөлім бастығы, полиция подполковнигі Мұрат Байсеркенов жастардың құқықбұзушылық мәселесінде ең алдымен ата-аналарды жауапкершілікке тарту қажеттілігін алдыға тартты. Оның дерегінше, 2016 жылдың 9 айлық қорытындысы бойынша облысымызда барлығы 12 070 қылмыс тіркелген. Оның ішінде 1583 қылмыс 14-29 жас аралығындағы жастардың қолымен жасалған. Бұдан бөлек түнгі клубтарда ата-анасыз жүруді құрайтын 400-ден астам бұзақылық дерек анықталған. Тікелей жастармен жұмыс істейтін мемлекеттік орган – Жастар саясаты басқармасына қарасты облыстық жастар орталығының бөлім басшысы Айжан Еркебаева жиында басқарма тарапынан толыққанды жұмыстар жүріп жатқандығын дәлелдерімен келтірді. Ол бүгінгі күні облыс көлемінде 12 жастар ресурстық орталығы жұмыс істейтінін, сол орталықтар арқылы әр ауылдық елді мекендерде (облыста 357 ауыл бар) арнайы нұсқаушылар тағайындалғанын, орталық өз қызметінде жастардың бос уақыттарын тиімді пайдалануларына көбірек басымдық беріп, мемлекеттік жастар саясатын жергілікті жерде іске асыру жұмыстарын жүргізіп жатқандығын айтты.
Жалпы ынталандыру айлығы барысында салалық кәсіподақ ұйымы тарапынан жастармен сауалнама да жүргізіліпті. Оған облыс бойынша 4104 адам қатысыпты. Олар 13 бөліктен тұратын сауалдарға тиісінше жауап беріпті. Нәтижесінде сауалнамаға қатысқан жастардың 75 пайызы өз құқықтарын білетіндіктерін, 39 пайызы жастармен айналысатын ұйымдардың бар екендігін білмейтіндіктерін, 91 пайызы кәсіподақ ұйымының қандай ұйымға жататындығынан хабардар екендіктерін, 82 пайызы кәсіподақ мүшесі болып табылатындықтарын жеткізсе, ал жастардың 59 пайызы жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесіне алаңдаушылық танытатындықтарын білдіріпті.
Қорыта айтқанда, «еркін микрофон» форматында өткен жиында әрбір жас көкейінде жүрген сауалдарын қойып, оған тиісінше жауаптар алды. Ауылды аймақтың жас мамандары мен қаланың студенттері ойлы ұсыныстар, пайымды пікірлер айтты. «Кәсіподаққа жастар керек пе, әлде жастарға кәсіподақ қажет пе?» деген тұжырым аясында ой алмасулар өтті. Дөңгелек үстелге қатысқан кәсіподақ жастары мен айлық аясында кәсіподақ қозғалысымен алғаш ұшырасқан жастардың барлығы да жиын соңында ынталандыру айлығында өткізілген шаралар дәстүрлі түрде ұйымдастырылып тұрса екен деген тілектерін жеткізіп, алдағы уақытта да кәсіподақ ұйымымен бірге болатындықтарын айтты.
Айлықты қорытындылаған Кәсіподақ төрайымы Гүлсін Орынбаева студенттік кәсіподақ комитеттерінен бірнеше студентті салалық кәсіподаққа салтанатты түрде мүшелікке қабылдап, айлық аясында белсенділігімен ерекшеленгендерді Алғыс хаттармен марапаттады. Жастар өздеріне арналған басқосудан жастарға тән көтеріңкі көңіл-күйде тарқасты.
Азамат ТАУАСАР
-
Фото
-