.jpg)
ҚҰЛАНДА ӨТКЕН ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ
«Бүгінгі кәсіподаққа – белсенді жастар» атты кәсіподаққа ынталандыру айлығының аясында салалық кәсіподақ ұйымының төрайымы Гүлсін Орынбаеваның жолбасшылығымен Т.Рысқұлов ауданында аймақтағы мұғалімдерге арналған «қоғамдық қабылдау» өтті. Құлан ауылындағы Құлан шағын орталықты орта мектебінің мәжіліс залында өткізілген «қоғамдық қабылдауға» жиырмадан аса адам қайырылды.
Олардың әрбірінің атын атап, түсін түстеп жатудың дәл қазір маңызды болып табылмайтындығын ескере отырып, біз бұл жолы әлгіндей жандардың арасында мектеп басшылары, кәсіподақ комитетінің төрағалары, үйірме жетекшілері, пән мұғалімдері, педагог-психолог, тәлімгерлер, лаборанттар, вахтершы-гардеробшылар және іс жүргізу бөлімінің қызметкерлері секілді мамандардың болғандығын ғана көрсете кетпекшіміз.
Жиында осындай санаттағы топтың сұрақтарына салалық кәсіподақ ұйымының төрайымы Гүлсін Орынбаева, Т.Рысқұлов аудандық кәсіподақ комитетінің төрайымы Зәуреш Тойбекова және кәсіподақтың аймақтық құқықтық еңбек инспекторы Тимур Оразбаев тиісінше жауап берді.
Қоғамдық қабылдау барысында «География пәнінен сабақ беретін мұғалімдердің сарамандық жұмыстарына қосымша ақы неге төленбейді?» деген және «Ота жасатқаннан кейін ауыр жұмысқа жарамай қалған аула сыпырушысын қандай жеңіл жұмысқа ауыстыруымыз керек? Немесе қосымша білім беру мекемелеріндегі педагог-психологтардың апталық жүктемесі қанша сағатты қамтуы тиіс?» деген суалдарға зерделеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін жазбаша жауап берілетін болып шешілді.
Ал «Көшбасшылық деңгейлік курстардан өткен мұғалімдерге төлемақы, үйірме жетекшілеріне қосымша ақы төлеу және ұстаздарды ынталандыру үшін айтулы мерекелерде оларға сыйақы беру» секілді мәселелердің шешімі республикалық бюджеттен бөлінетін қаржыға байланысты екендігі айтылды. Ал материалдық жауапкершілігі жоқ электромонтердың өзгенің орнына жұмыс істеген бір айлық еңбегі үшін орындаған шаруасына қарай ақы төленуі тиістігі; үш ауысымда бала оқытатын мектептегі 16 еден жуушының атқаратын жұмыстарының белгіленген мөлшерден көп болып табылатындығына байланысты оларға қосымша ақы тағайындалуы керектігі немесе қосымша штат алануы қажеттігі; еңбекке уақытша жарамсыздық парағын алған мектеп директорының орынбасарын қызметте тек сондай лауазымдағы жанмен ғана алмастыруға болатындығы нақты жауап ретінде қайтарылды.
Талғат ТАЛАПҰЛЫ
-
Фото
-