
«ЕҢБЕКШІГЕ» ТЕГІН ЖАЗЫЛДЫ
Ақпараттық жұмыс кәсіподақ және оның мүшелік ұйымдары қызметінің ажырамас құрамдас бөлігі болып табылады. Тиімді ақпараттық саясат жүргізу, салалық кәсіподақ ұйымдары, бастауыш ұйымдармен, Филиалдармен кері байланыс орнату сынды сұрақтар ерекше өзекті мәселе.
Бүгінде Кәсіподақтың Жамбыл облыстық ұйымының «Еңбекші» газеті — кәсіподақ органының жалпақ жұртшылықты кәсіподақтық ақпаратпен қамтамасыз ету, өзінің белгілі бір оқиғаға байланысты көзқарасын бүкпесіз білдіру мен бірігудің құралы. Газетке тек қана ақпарат құралы ретінде қарау қате пікір, ол — насихаттаушы, ұйымдастырушы, үйретуші және мыңдаған кәсіподақ мүшелерін біріктіруші. Қәзіргі кезде газет бетінде ҚР кәсіподақтар Федерациясынан бастап әрбір бастауыш кәсіподақ ұйымының тыныс-тіршілігімен таныстыратын ақпараттар, облыстың қоғамдық өміріндегі тың жаңалықтар, кәсіподақ мүшесінің құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында құқықтық материалдар, ұстаздар қауымының шығармашылық еңбектері, сабақтары мен ғылыми ізденістері, қоғам талабына сай еңбек адамының қажетіне пайдалы ақпараттар жарияланып тұрады.
Мерзімді басылымдар үшін жазылым ұйымдастыру ісі маңызды науқан болып саналады. Сондықтан науқан кезінде БАҚ пен «Қазпошта» АҚ Жамбыл облыстық филиалының арасындағы әріптестік байланыс ерекше күшке ие бола түседі. Таяуда аталған мекеменің бас ғимаратында «жазылушы күні» атты мерекелік іс-шара өткізілді. Мерекелік шараның кәсіподақтар өткізіп жатқан «Бүгінгі кәсіподаққа – белсенді жастар» кәсіподаққа ынталандыру айлығымен тұспа-тұс келуі себепті, біздер екі азаматқа төл басылымға тегін жылдық жазылым сыйладық. Енді 2017 жыл бойы кәсіподақ ардагері мен жас студент «Еңбекші» республикалық салалық газетін тегін алып, пайдалы әрі қызықты кәсіподақтық ақпаратпен сусындап отыратын болады.
Мұқажан ҚАЛАБАЕВ, зейнеткер, Сарыкемер ауылының тұрғыны:
- «Еңбекші» газеті облысымыздың білім және ғылым саласында еңбек етіп жатқан қызметшілердің төл басылымы. Солардың жұмыстарының жаршысы. Бұл газеттің басқа газеттерден ерекшелігі – тек кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік мәселелерін ғана емес, сонымен қатар олардың құқықтарын да қорғайтындығы. Мұнда осы мақсатта арнайы «Заңгер» бұрышы ашылған. Оның қызметі тегін жүргізіледі. Бұдан бөлек басылым беттерінде әр аудандағы білім саласының қызметкерлері өз тәжірибелерімен бөлісіп, әдістемелік жұмыстарын жарыққа шығарады. Өзім зейнетке шықпай тұрып, Байзақ ауданының салалық кәсіподақ ұйымында 18 жыл қызмет еткен жанмын. Жалпы маған «Еңбекші» газетінің мазмұны да, дизайні де өте қатты ұнайды...
Мадина ИМАШ, Жамбыл политехникалық колледжінің радио-электроника және байланыс мамандығының 2 курс студенті:
- Бұл басылым маған әртүрлі мәліметтер беретіндігімен құнды. Интернет желісінің қызметіне көп жүгінетін жастарды, студенттерді осы газетке жазылуға, сөйтіп оның өзім сияқты тұрақты бір оқырманы болуға шақырамын. Газеттеріңіздің болашағы зор ғой деп білемін...
Талғат ТАЛАПҰЛЫ
-
Фото
-