
ЖАМБЫЛДЫҚ ҰСТАЗДАР ЖАЙДАРМАНДА ӘЗІЛДЕДІ
Бүгінде жастардың қызығып ойнайтын ойындарының бірі – Жайдарман. Әдемі әзіл, шымшыма сөз арқылы көңілдегі көп ойды жайдарманшылар көрерменге күлкімен жеткізіп жатады. Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы Жамбыл облыстық ұйымының өткізген жайдарман ойынында сахнаға жастармен бірге ұстаздар да шығып, өнерлерін көпшілікке паш етті.
«Бүгінгі кәсіподаққа – белсенді жастар» атты кәсіподаққа ынталандыру айлығының аясында өткен жайдарман ойынына 6 команда қатысты. Олар М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дің «Мәдениет жігіттері» және университеттің құрама командасы, ТарМПИ-дің «РаянНұр» КВН командасы, Біріккен кәсіподақ ұйымының жастарынан құралған «Мерси лайк», Меркі ауданынан келген жастар мен кәсіподақтың Тараз қалалық филиалының «Иринаның балалары» КВН командалары.
«Кім жұмыс істемейді, сол тамақ жемейді» тақырыбымен Кәсіподақ ұйымдарының жастар құрылымдарындағы жас жұмыскерлер мен студент жастардың мәртебесі мен шығармашылық белсенділігін көтеру, жас жұмыскерлер мен студент жастар арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту, шынайы бәсекелестікті дамыту және жас жұмыскерлер мен студент жастардың әлеуметтік және кәсіби тұлғасын қалыптастырып, кәсіподақ қатарына ынталандыру мақсатында өткен ойынға қазылық етуге өткір әзілдің бағасын білетін қазылар шақырылды. Олардың қатарында, әйгілі «Тараз-2000» КВН командасының мүшесі Елдос Кәдірханов, Тараз қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Талғат Шайхиев, облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Гүлсара Мұхтаркулова, Әулиеата орталық КВН лигасының редакторы Аят Төлепбергенов және кәсіподақтық «Еңбекші» газетінің бас редакторы Бейбіт Бекназаров болды.
Ойын тақырыбын ашуға ұмтылған командалар әдемі әзіл арқылы шынайы еңбектің бағасын, жастардың бірлігін, тәуелсіздіктің бағасын, кәсіподақтардың бірлігін насихаттады. Басты мақсаты – бала оқыту, шәкірт тәрбиелеу болғанымен қоғамдық белсенділік танытып, кез-келген шарадан тыс қалмайтын ұстаздардың билікке айтылатын сын, қол жеткізе алмай жүрген мақсаттары, ренжіп жүрген мәселелері болады. Екі кезеңнен: сәлемдесу мен жамбы атудан жайдарманға шыққан жас мамандар өз іштеріндегі қыжылды күлкімен жеткізді.
- Біз діттеген ойынның мақсаты - жас мамандар мен студент жастардың бір сахнада өнер көрсетіп, әзілге әзілмен жауап қатуы, проблемаларды күлкімен жеткізу болатын. Сайыста әр топтағы жастар бірінен бірі асып түсіп, көрерменді күлкіге бөледі. Жарасымды әзіл, тапқырлық, тіл шеберліктері ұштасқан әзілқой жастар әдемі кеш сыйлады. Жастарды табыстырар, таланттарды ұштар, әзілдің әлемін аралатар осындай шараны дәстүрлі түрде өткізу туралы ұсыныс түсті. Алдағы уақытта аудандардан келетін командалардың санын ұлғайтып, үлкен етіп ұйымдастыру жоспарлануда, - дейді ұйымдастырушылар атынан пікір білдірген Кәсіподақ төрағасының орынбасары Ерұлан Мағзымбеков.
Өткір әзіл мен өтімді ойларды, актерлік шеберлік пен әзіл сапасын, режиссерлік тапқырлық пен күтпеген шешімдер, сахна мәдениеті мен музыкалық әрлеуді ескерген қазылар алқасы ақылдаса келе жүлделі үшінші орынға Біріккен кәсіподақ ұйымының жастарынан құралған «Мерси лайк» командасын, екінші орынға М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дің құрама командасын, бірінші орынға Тараз қалалық білім мекемелерінің ұстаздарынан құралған «Иринаның балалары» командасын лайық деп тапты. Қазылар алқасы жеңіске құштарлығы үшін Меркі ауданынан келген жас мамандардың ойынын ерекше атап өтті.
Жеңімпаз командаларға ұйымдастырушылар атынан кубок пен Алғыс хаттар табысталды.
Перизат БАҚЫТ
-
Фото
-