
Ұстаздар құрметіне-салтанатты жиын
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында тойланып отырған ұстаздардың кәсіби мерекесі, ізгіліктің ұлылықтың мейрамы, адамзат бас иетін ұлы тұлға ұстаздардың төл мерекесі-мұғалімдер күні.
Қазан айының алғашқы аптасында тойланатын мереке «Абай» атындағы мәдени-демалыс кешенінде ұстаздар құрметіне арналған салтанатты жиынмен басталды.
Салтанатты жиын шымылдығы балабақша бүлдіршіндерінің құттықтау ән-шашуымен, 3 тілде оқылған тақпақ-өлеңмен ашылды. Беташар-құттықтау Маңғыстау гуманитарлық колледжі студенттерінің орындауындағы «Ұстазым» әніне жалғасты.
Білім саласы қызметкерлерін мерекемен құттықтау және марапаттар тапсыру құрметі Маңғыстау облысы Мәслихатының хатшысы Б. Жүсіповке берілді. Мұғалімдерді мерекемен құттықтай отырып, мұғалімдер тарапынан да, өз мамандығына деген қайтпас қайсарлығы мен еңбекқорлығының арқасында үлкен жетістіктерге жетіп, биік беделге ие болып жүрген ұстаздар бар екенін айтып өтті.
Жақында ғана облыстың 3 мұғалімі республикалық деңгейде үздік педагог атанды. Олар Жаңаөзен қаласы мектеп-лицейінің химия пәні мұғалімі-Ғайша Құлсымықова, Түпқараған ауданы, Ақшұқыр мектеп-лицейінің тарих пәні мұғалімі Әлия Қадырова, Бейнеу политехникалық колледжінің оқытушысы Тұрлан Оспанов. Сонымен бірге, Қазақстан Республикасының «Еңбек ардагері», «Ы. Алтынсарин», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерімен біртоп мұғалімдер марапатталды.
Биылғы жылы бастауыш сынып, математика пән мұғалімдерінің форумдары сапалы білім беру, жалпы облыстағы мамандарды қолдау, көмек көрсету мақсатында өткізілген құптарлық істер. Осындай әрбір шараларды ұйымдастырудың арқасында озық мамандар іріктелінді. Сондықтан, қоғамдық маңызы бар шараларды алдағы уақытта да жиі өткізіп тұру жөн.
Қазақ тілінің мәртебесін облыс әкімінің «Лучший учитель государственного языка» байқауының жүлдегері Түпқараған ауданы,М. Горький атындағы мектеп-лицейінің мұғалімі Айнұр Сатимоваға 300000 мың теңгелік білім гранты сертификаты, облыстық «Орта білім беретін үздік ұйым» байқауының жеңімпазы-Жаңаөзен мектеп-гимназиясының директоры Зина Орысбаеваға 18287200 теңгелік сертификат табыс етілді.
Мерекелік шашу-Маңғыстау өнер колледжі студенттерінің орындауында Мұрат Өскінбаевтың «Жеңіс күйі» тарту етілді.
Облыста әулетімен ұстаздық қызметті таңдап, ұстаздар династиясын құрған отбасылар қатары аз емес. Солардың бірі-Маңғыстау ауданынан Жұмахановтар отбасына сый-құрмет көрсетіліп, ардагер ұстаз Ө. Озғанбаев сөз сөйледі. Жұмахановтар отбасының өнерлі қызы Лаура Л. Хамидидің «Бұлбұлын» шырқап, көпшілік қошеметіне бөленді.
Педагогтар отбасын насихаттау және әлеуметтік қолдау мақсатында облыста жыл сайын «Үздік педагог отбасы» сайысы өткізіліп тұрады. Биылғы жылдың жеңімпазы- Мұнайлы ауданы №12 орта мектеп директоры Қайрат Титановтың отбасына тұрмыстық техника сыйға берілді.
Еліміз тәуелсіздік алған жылы бас қосып, отау құрған ұстаздар тәуелсіздіктің ширек ғасырлық мерейтойы аясында тыс қалған жоқ.
Мұғалімдер күні мерекесіне орай республикалық «Ұстаздар отбасы-тәуелсіздікпен құрдас» акциясына Бейнеу ауданынан Егізбай Ережеповтер отбасы қатысты. Жиында «Қазақстан салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Маңғыстау облыстық ұйымы» ҚБ –нің төрайымы Тәрбия Анайбекқызы Баймбетова «Алтын белгі» иелерін дайындауға көптен озық келе жатқан - Ш. Жанназарова, В. Лыкова, А. Қодарова, С. Қоразова, Т. Дәулетнияз, А. Әлібекова, Ж. Әбиева, Э. Федорова, К. Аймағанбет, А. Есенғалиева үздік ұстаздарға облыстық кәсіподақ атынан республикалық «Сосновый бор», Маңғыстау ауданынан Жұмахановтар отбасына «Сарыағаш» шипажайларына жолдамалар табыс етілді. Салтанатты мереке жас ұстаздардан құралған хордың құттықтауымен аяқталды.