«Жас мамандарға – сәтті қадам» атты іс-шара өтті
Еліміздің Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Шығыс Қазақстан облысы Зайсан қаласында аудандық кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен аудан әкімдігінің, аудандық мәслихаттың, "Нұр Отан" партиясының, аудандық білім бөлімінің өкілдерінің қатысуымен "Байтерек" сауықтыру орталығында «Жас мамандарға – сәтті қадам» атты іс-шара өтті. Іс-шараға 60 жас маман ұстаздар шақырылып, оларға ерекше құрмет көрсетілді.Жастарды ұстаздардың ұстазы болған бар саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған бүгінгі зейнеткер Бадиков Мұратбек ағамыз жастарға ақ тілегін жолдап, батасын берді. Бірнеше жылдар М.Әуезов атындағы мектепте директор болған, бүгінде аудандық әйелдер кеңесінің басшысы Қашағанова Бисара, ұзақ жылдар білім бөлімі басшысы қызметінде болған Абдиғалиева Сания өздерінің ұстаздық еңбек жолдарына көз жүгіртіп, естеліктерімен бөлісіп, сәттілік тіледі.
Өз кезегінде аудан әкімі Қасымжанов Темірбек Жұмақұлұлы, аудандық маслихат хатшысы, депутат Ыдыршев Дәулет Нұрханұлы, ішкі саясат бөлімінің басшысы Дүйсенбаева Зумрад Дүйсенбайқызы – жастарға мемлекет тарапынан бүгінгі жасалып отырған қамқорлық жайында, елбасының жүргізіп отырған жастар саясаты туралы айта келе – ұстаздық жолдарына сәттілік тіледі.
Аудандық білім бөлімінің басшысы Нұрлыбек Айтмұқашұлы Қалибаев, "Нұр Отан" партиясының жетекшісі Меруерт Мұратқызы Қайрақова жүрек жарды тілектерін жеткізді. "Дипломмен ауылға" – бағдарламасының жүзеге асып жатқанын сөзге тиек етті.
Аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Қабиолда Ергедікұлы Сайранов жас мамандардың кәсіби еңбектеріне шығармашылық мол табыс тілей келе бүгінгі күнгі ұстаздар ұжымындағы кәсіподақ рөлі жайында жан-жақты мағлұмат беріп, кәсіподақ қатарына қосылған жас мамандарға мүшелік билетін табыстады.
Жас ұстаздар ән мен күйден шашу шашып, өнерлерін көрсетіп – өздерінің ұстаздық жолды таңдағандарына разы екендерін білдірді.
Мен өз кезегімде білім саласы қызметкерлерінің денсаулығын нығайтуда және спорттық бұқаралық сипатын арттыруда, салауатты өмір салтын бірден бір насихаттаушы, қозғаушысы жастар болатынына сенімімді білдіріп сауықтыру-спорт шараларын өткіздім.
Зайсан аудандық кәсіподақ ұйымының атқару комитетінің мүшесі С.Серікбаева
-
Фото
-