
ЕҢБЕК КҮНІН ЕРЕКШЕ АТАП ӨТТІ
Еңбек күні мерекесіне орай Жамбыл облысы, Сарысу ауданындағы №11 колледждің кәсіподақ мүшелерінің қатысуымен еңбек қорғау жөніндегі техникалық инспектор Саят Бейбітбекұлының ұйымдастыруымен «Еңбек – түбі береке» тақырыбында семинар өтті. Семинарда атаулы күн туралы мәлімет беріліп, кейбір мемлекеттердегі кедейшілік пен аштық, кемсітушілік пен құқықтың тапталуы және өз еліміздегі халықтың жалпы әлеуметтік жағдайы, құқықтары туралы сөз қозғалды.
Семинарға қатысушыларға слайд арқылы біздің еліміздің өзге елдермен салыстырғанда халыққа зор мүмкіншіліктер жасап отырғандығын көрсетті. Сонымен қатар елімізде жұмысшылардың құқығы қорғалып, жалақылары уақытылы төленіп отырғандығын, емдеу-сауықтыру орындарына 50 пайыздық жолдама ала алатындықтарын, тағы да басқа жасалып отарған мүмкіндіктер туралы айта келе, мұндай күннің күнтізбеден орын алуының дұрыс екендігіне қолдау білдірді.
Колледж студенттері арасында «Еңбек етсең ерінбей» тақырыбында білікті ұстаз Сымбат Асқанбаева «дөңгелек үстел» отырысын ұйымдастырды. Дөңгелек үстелде білімгерлерге республика көлемінде «Еңбек күні» биыл төртінші рет аталып отырғанын және еңбек адамдарын құрметтеп, үлгі тұту керектігін баяндай келе қоғамда еңбек адамының беделін өсіру, еңбек өнімділігін арттыру, жұмысшылар династиясының көпжылдық дәстүрлерін насихаттау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, мәліметтер берілді.
Еңбек күні колледж ұжымы мен студенттері азаматтық белсенділік пен жауапкершілік танытып, бекітілген территоряда сенбілік жұмыстарын атқарды. Алдағы уақытта Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жалпыға ортақ Еңбек қоғамын» құруға кәсіподақ мүшелері зор үлес қосып, аянбай еңбек етеді деп сенім білдіреміз.
А.ОРАЗБАЕВА,№11 Сарысу колледжі бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы,ЖАМБЫЛ облысы, САРЫСУ ауданы
-
Фото
-