
МҰҒАЛІМ - МЕКТЕПТІҢ ЖҮРЕГІ
Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Жамбыл облыстық ұйымы, Меркі аудандық комитетінің ұйымдастыруымен қазанның алғашқы демалысында барша ұстаз деген ұлы кәсіптің төл мерекесіне арналған «Мұғалім - мектептің жүрегі» атты мерекелік шара болып өтті. Шараға ұстаз кәсібін жандарына серік еткен 60-тан аса зиялы зейнеткерлер мен ардагер-ұстаздар, қонақтар қатысты.
Ұлы мамандық иелерін аудан әкімі Мейірхан Өмірбеков пен аудандық мәслихат хатшысының міндетін атқарушысы Ерназ Нартбаев құттықтап сый-сияпат жасағаннан соң, Кәсіподақ комитеті тарапынан дайындалған сыйлықтарды аудандық білім бөлімінің басшысы С.Есенов пен аудандық кәсіподақ комитетінің төрайымы Ғалиа Қажығалиева табыстап, құттықтады.
Жиын барысында өздерінің жетістіктерімен аудан абройын асқақтатып жүрген мұғалімдер «Білім сапасы-2016», «Ғылым көкжиегі-2016», «Тәрбие тағылымы», «Спорт саңлағы-2016», «Өнер дүлдүлі-2016» номинацияларымен марапатталды. Сонымен қатар, ұлы мереке - Тәуелсіздік күніне орай алғашқы еңбек жолын 1991 жылы бастап, 25 жыл бойы үздіксіз жас ұрапақты тәрбиелеп, білім беруде жетістікке жеткен ұстаздар да «Асыл еліме-25» номинациясымен марапатталды. Жиын барысында биылғы оқу жылында зейнетке шығатын ұстаздардың да еңбегі еленіп, «Еңбек демалысыңыздың әр күні шалқыған шаттыққа, отбасы-Отанда, ұл-қыздардың ортасында балқыған бақытқа толсын» деген тілек айтылды, сыйлықтар үлестірілді.
Жүрегінің жан жылуын жас ұрпақтың бақытты болашағы үшін жұмсаған мұғалімдерге лайықты құрмет көрсетіліп, ұстаз аты құрметтелген мерекелік шара ардагер-ұстаздар мен білім беру жолында ұзақ жылдар абыроймен еңбек етіп білімді, тәлімді ұрпақ тәрбиелеген ұстаздардың, жас мамандардың есінде ұзақ сақталары сөзсіз.
-
Фото
-