
ҚОРДАЙЛЫҚ ҰСТАЗДАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
Кәсіподақ мүшелігіне жастарды ынталандыру мен еңбек күні және ұстаздар кәсіби мерекелеріне орай Жамбыл облысы, Қордай аудандық кәсіподақ комитетінің ұйымдастыруымен бірқатар шаралар өтті. Мерекелер аясында барлық бастауыштарда дөңгелек үстелдер, кездесулер, сенбіліктер мен концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды.
Қордай аудандық кәсіподақ комитеті өзінің басты активі кәсіподақ жетекшілерімен және білім мекемелеріндегі еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлардың қатысуымен семинар өткізді. Семинардың ашылуында аудандық комитет төрайымы Фатимат Байбекова мұғалімдерді кәсіби мерекемен құттықтап, олардың еңбегі ешқашан өшпейтінін, қазіргі жастарға өнегелі тәрбие мен сапалы білім беру міндеті де осы ұстаздардың еншісінде екені айтылды. Семинар барысында атқарылған істер мен алдағы жоспарлар нақтыланып, өткен оқу жылында ауызбірлігімен, тындырымды тірлігімен ерекшеленген ұжымдар мен кәсіподақ жетекшілері бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Сондай-ақ, «Қалдырған ізің мәңгілік» тақырыбында аудандық кәсіподақ комитеті тарапынан білім саласының ардагерлеріне құрмет көрсету мақсатында келелі кездесу өтті. Кездесуге кезінде кәсіподақ мүшелері болған, қазіргі таңда зейнет жаста болса да өздерінің қамқоршысы әрі қорғаушысы Кәсіподақпен тығыз байланыста жүрген зейнеткерлер, еңбектері елене бермейтін медбикелер, аспазшылар, кіші қамту қызметкерлері, қарауылдар, барлығы 40-тан аса ардагер қатысты. Олардың құрметіне дастархан жайылып, концерт қойылды, ойын-сауық жүргізіліп, келген қонақтарға сыйлықтар мен мақтау қағаздары табысталды.
Көңілдері көтерілген ардагерлер Кәсіподаққа рахмет айтысып, мәз-мейрам болып тарқасты.
-
Фото
-