
БҮГІНГІ КӘСІПОДАҚҚА – БЕЛСЕНДІ ЖАСТАР!
Кәсіподақтың қатарын білімге жүйрік, талантты да дарынды, бойында патриоттық өшпес рухы бар, заманының алдаспан жастарымен толықтыру мақсатында Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Жамбыл облыстық ұйымы әлемдік өркениеттің шыңына ұмтылған Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде жасампаз жаңа дәуірге қадам басқанына 25 жыл толуына орай «Бүгінгі кәсіподаққа – белсенді жастар» атты кәсіподақ мүшелігіне ынталандыру айлығының шымылдығын «Менің Қазақстаным» атты патриоттық әндер мен кәсіподақтық жыр байқауымен ашты.
Кәсіподақ ұйымдарының жастар құрылымдарындағы жас жұмыскерлер мен студент жастардың мәртебесі мен шығармашылық белсенділігін көтеру, жас жұмыскерлер мен студент жастардың әлеуметтік және кәсіби тұлғасын қалыптастырып, кәсіподақ қатарына ынталандыру мақсатында өткен байқауға әр аудан мен жоғарғы және арнаулы орта оқу орындарынан бір үміткерден қатысты.
Байқау нәтижесі бойынша Әлімбай Ботақараевтың «Бабалар рухы» әнін нақышына келтіре орындап, жас ақын Сатымқұл Нұрболаттың «Кәсіподақ - ғасырлардың куәсі» шығармасын оқыған М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-нің «Мәдениет және өнер» кафедрасының инженері Рахманбердиев Қуат бас жүлдені иеленді. Ал І орынға Мойынқұм ауданы Т.Рысқұлов атындағы тірек мектебінің мұғалімі Шікетаев Нұрболат лайық деп танылды. Қазылар алқасының шешімімен екі екінші және үш үшінші орын беру туралы шешім шығарылып, ұйғарым бойынша Жуалы ауданы №1 Г.Орджоникидзе мектеп-гимназиясының ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Самал Аманбаева мен Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің Жастар ісі жөніндегі комитет төрайымы Сандыгуль Сейдалиева ІІ орынға лайық деп танылды. Ал жүлделі үшінші орынды Тараз қаласы Мектептен тыс жұмыс және балалар шығармашылық ортылығының педагогы Меруерт Ыдырысова, Байзақ ауданы Балалар мен жасөспірімдер орталығының педагогы Балмурза Каленбаев және Жамбыл ауданы Қ.Сартбаев атындағы орта мектеп мұғалімі Ақбаян Смағанбетовалар иеленді.
– Жаңадан қызметке орналасқан жас мамандар үшін осындай байқаулар өткізу ісін құптарлық деп санаймын. Студент кезде талай жарыстарда жеңімпаз атанғаныммен, қызметке араласқалы тұңғыш бағымды сынаған байқауым осы болды. Қарсыластарымның барлығы өнерлі, талантты болғанын залдағы бар көрермен мойындап отыр, сондықтан да бүгінгі өнер бәсекесінде бірінші болу мен үшін үлкен мақтаныш. Қолдау көрсеткен ұжымыма, жанкүйерлерге, шығармашылығымды шыңдауға серпіліс жасаған ұйымдастырушыларға алғысымды айтамын, - дейді жеңімпаз Қуат Рахманбердиев.
Қазылар алқасының сараптамасына сәйкес қатысушылардың құлшынысы жоғары, жеңіске деген құштарлығы мол болды. Жақсы шығармалар мен әндерді орындаған қатысушылардың арасынан жеңімпазды анықтау оңай болмаған.
- Шығармалар жоғары талғаммен таңдалған. Шулық Маржан Примбетованың авторлық «Тәуелсіз ел – Мәңгілік ел» өлеңі өте тамаша жазылған әрі биылғы тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерей тойына керемет тарту болып отыр. Осындай игі шаралар кәсіподақ ұйымдары мен мемлекеттің ұстанған бағытының, көздеген мақсатының бір екендігін айқындай түседі. Жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу, Отанға деген құрмет сезімін тудыру, эстетикалық тәрбиеге баулу, оқу орындары арасында достық қатынас орнату мен ауыл және қала жастарының жақын араласуына мүмкіндік берген осындай шаралардың қашанда шоқтығы биік, - дейді қазылар алқасының мүшесі, режиссер-сценарист, профессор Есілбек Төребайұлы Бимурзаев.
Барлық қатысушылар мен жеңімпаздарға Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Жамбыл облыстық ұйымы атынан Гүлсін Рахымжанқызы Орынбаева Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етті.
Перизат БАҚЫТ,ЖАМБЫЛ облысы
-
Фото
-