
МҰҒАЛІМ – МАМАНДЫҚ, АЛ ҰСТАЗДЫҚ – ҚАСИЕТ
Елімізде еңбек күнінен кейінгі жексенбіде Ұстаздар күні аталып өтеді. Көптеген мамандық ішінен ерекше орын алатын кәсіп – ұстаздық. Балалардың адам ретінде қалыптасуы мен мамандық таңдауына да жол сілтейтін – мұғалімдер. Осы орайда, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Жамбыл облыстық ұйымы «Қалдырған ізің мәңгілік» тақырыбында білім саласы мен кәсіподақта ұзақ жылдар еңбек еткен ардагерлердің қатысуымен кездесу өткізді.
Кездесуде кәсіподақ төрайымы Гүлсін Орынбаева ардагерлер мен ұстаздарды егемен елдің болашағын нұрландыратын, тәуелсіздігімізді тұғырландыратын өскелең ұрпақты тәрбиелеуші мұғалімдердің кәсіби мерекесі, еңбек күні мерекесімен құттықтап, білім саласына қосқан үлесі мен егеменді еліміздің жас ұрпағын тәрбиелеудегі ерекше еңбегі үшін сияпат жасады.
- Мұғалім – мамандық, ал ұстаздық – қасиет. Яғни, ұстаз болу – адам бойындағы ұлы қасиеттердің бірі. Ендеше, осынау үлкен ұғымдағы ұстаздық қасиетке барынша адалдық танытып, бар саналы ғұмырын осы салаға арнаған ұстаздарға қандай мақтау, мадақ айтсақ та артықтық етпейді. Ал сала ардагерлері ол – біздің қазынамыз. Сіздердің еңбек жолдарыңыз, жеткен жетістіктеріңіз, білім саласында қалдырған іздеріңіз мәңгілік. Дендеріңіз сау, отбастарыңыз аман, болашақтарыңыз баянды болсын, - деген Гүлсін Рахымжанқызы ардагерлерге сыйлық жасап, құрмет көрсетті.
Ұстаздық пен шәкірттік адам баласы ара-қатынасының ең абзал, ең мағыналы, ең мәнді түрі екенін ескерсек, шәкірт бойына қуат, жанына жаныған жігер беруден еш аянбаған ардагер ұстаздарымыздың ұстаздық қасиеті жас буын үшін үлгі болатындығын ескере отырып жас мамандар мен студент жастарды салтанатты түрде кәсіподақ қатарына қабылдау шарасын ардагерлер қауымы өткізді. Кәсіподақ ардагерлері Мұқажан Қалабаев, Райса Омарова, Келіс Дулатбаев, Любовь Загрибельная, Тамара Белаглазова, Иван Коберлер жастарға ғибратқа толы ақыл-кеңестерін айтып, еңбек жолында сәттіліктер, оқуда озат болуларын тіледі. Салтанатты түрде кәсіподақ мүшелігі билеті мен сыйлықтар табыс етті.
Кездесу соңы мерекелік концертке ұласты.
Перизат БАҚЫТ,ЖАМБЫЛ облысы
-
Фото
-