
АРДАГЕР ҰСТАЗДАР ҰЛЫҚТАЛҒАН КҮН
Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Жамбыл облыстық ұйымы Т.Рысқұлов аудандық комитеті мен аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен Еңбек күні мерекесіне орай Құлан шағын орталықты орта мектебінің акт залында «Мамандығым - мақтанышым» атты бенефис-шоу мерекелік шарасы өткізілді. Аталған шараға мекеме басшылығынан зейнетке шыққан, бүгінгі күні құрметті демалыста жүрген 20 ардагер-ұстаз бен жолдама бойынша ауданға келіп, еңбек жолын биылғы оқу жылынан бастаған 15 жас маман және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының көшбасшылары қатысты.
Мерекелік шараны аудандық білім бөлімінің басшысы Ләззат Утеулиева мен аудандық кәсіподақ комитетінің төрайымы Зәуреш Тойбекова құттықтау сөзбен ашып, аға буынға дендеріне саулық, қызыққа толы қарттық ғұмыр тілесе, жас мамандарға сол қарттардың өмір тәжірибесін, абыройлы қызмет жолын тіледі. Кәсіподақ төрайымы жас мамандарды салтанатты түрде кәсіподақ қатарына қабылдап, мүшелік билеттер табыс етті. Ал ардагер-ұстаздар күні кеше мекеме басшысы ретінде «Тәуелсіз елдің ұлағатты ұстаздары» атты фестивальде жеңімпаз атандырып жүрген жүрген шығармаларын орындап, кездесудің көркін қыздыра түсті. Олар, бұрынғы мектеп директорлары Д.Жабықбаев, Қ.Құсайынов, Т.Абумансұрова, Б.Наметқұлова, Ө.Байбатшаевтар «Дудар-ай», «Досыма арнау», «Жақсы көрем», «Арыс жағасында» әндерін шырқаса, М.Горький мектебінен зейнетке шыққан Р.Махамбетова мен Құлан орта мектебінің бұрынғы басшысы Ә.Тәжіков ұйымдастырушыларға алғыстарын айтып, жас мамандарға ұстаздық қызметтің қаншалықты жауапты әрі абыройлы, сонымен бірге қиыны мен қызығы қатар жүретін мамандық екенін, осы таңдаған мамандықтың үдесінен шығу үшін аянбай еңбек етудің қажеттігін баса айтты.
Бенефис-шоу барысында ардагер ұстаздарға бағалы сыйлықтар тапсырылып, шоу «Туған жер» әнімен әсерлі де әдемі аяқталды.
Шаризат САСЫҚБАЕВА,Октябрь шаруа орта мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы,Т.РЫСҚҰЛОВ ауданы,ЖАМБЫЛ облысы
-
Фото
-