
«КӘСІПОДАҚ ҚЫЗМЕТІНІҢ НЕГІЗДЕРІ» тақырыбында облыстық семинар өтті
Әрбір кәсіподақ көшбасшысы кәсіподақ қызметінің негіздері мен заңнаманы білуі тиіс және өзгеге де үйрете алуға қабілетті болуы қажет. Сондай-ақ, кәсіподақ ұйымының кез-келген деңгейдегі басшысы еңбек қатынастарына байланысты заңдылықты, еңбекақының жасақталу сұрақтарын жіті меңгеріп, экономикалық заңнамалардан хабардар болуы шарт. Осы орайда, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы Жамбыл облыстық ұйымының жоспарына сәйкес қайта сайланған бастауыш кәсіподақ ұйымдарының көшбасшылары үшін «Кәсіподақ қызметінің негіздері» тақырыбында семинар өтті. Семинарға Тараз қаласы мен барлық аудандардың өкілдері қатысты.
Жаңа оқу жылының басталуы мен алдағы келе жатқан ұстаздар күні мерекесімен құттықтап кіріспе сөз сөйлеген кәсіподақ төрайымы Гүлсін Орынбаева семинар қатысушыларына сәттілік тіледі.
- Жаңа оқу жылының басталуымен барлықтарыңызды шын жүректен құттықтаймын! Осы оқу жылының басталуымен бірге барлық білім мекемелерінде түрлі сауалдар туындап жатады. Сұрақтар сағат бөлуден бастап, жалақы есептеу, түрлі қосымша ақылар төлеу, жұмыстан қысқарту сынды әр алуан тақырыпты қамтып жатады. Барлық сұрақтардың шешіміне кәсіподақ төрайымы араласуы, ал бірқатар құжаттар кәсіподақ органымен келісілуі тиіс. Сондықтан бүгін жаңадан сайланған өздеріңізбен жүздесіп, еңбек заңнамасы мен кәсіподақ қозғалысында орын алып жатқан соңғы жаңалықтармен таныстырып, оқытуды жөн санадық. Семинар жұмысына сәттілік, қызметтеріңізге абырой тілеймін, - деді Гүлсін Рахымжанқызы.
Жамбыл облыстық кәсіподақ ұйымының қызметі туралы түсірілген фильмнің көрсетілімінен соң, төраға орынбасары Ерұлан Мағзымбеков «Кәсіподақ ұйымдарының негізгі мақсат-міндеттері және құрылымы. Кәсіподақ мүшелігінің тиімділігі неде?», Бас инспектор Берік Баймағамбетов «Жаңа Еңбек кодексін тәжірибеде қолданудың бірқатар сұрақтары», ал біріккен комитет төрағасы Орынбеков Жанболат «Жұмыс берушінің актілері және оларды кәсіподақпен келісу тәртібі» тақырыбында дәріс оқыды. Түстен кейін «Еңбекші» газетінің бас редакторы Бекназаров Бейбіт «Кәсіподақтың ақпараттық саясаты. Кәсіподақтағы PR кампания» тақырыбында сабақ жүргізді. Одан кейін сұрақ-жауап сағаты өтіп, семинар қатысушылары еңбек туралы және салалық заңнаманы қолданудың бірқатар сұрақтарына жауаптар алды.
Семинар соңында тыңдаушыларға семинарға қатысқандығы туралы арнайы сертификат пен естелік суреттер табыс етілді.
Бейбіт ӘБДІБАЙ
-
Фото
-