
«АСТАНА – БУРАБАЙ» САЯХАТЫ
Ұстаз... Осы бір ардақты да абзал есімді құрметтемейтін жан жоқ шығар, сірә. Себебі, ол білімнің кәусар бұлағының тұнық бастауы, тәлім-тәрбиенің алтын тұтқасы. Балғын жүректерге сәулелі нұр құйып, олардың саналы, білімді азамат болып өсуіне ұстаздың сіңірер еңбегі ұшан-теңіз. Кез келген ұстаз өзінің шәкірт алдындағы парызын әрқашан осындай абыройлы міндетімен орындап келеді, орындай да береді.
Десек те, осыншама ауыр жүкті арқалаған мамандық иелерінің де иықты кеңге салып демалатын уақыты болуы керек. Әрине, ол кезекті еңбек демалысы. Осы демалысты тиімді өткізу мақсатында аудандық кәсіподақ ұйымының мұрындық болуымен бір топ ұстаздар Бурабайға жол тарттық. Бізді аудандық кәсіподақ ұйымының төрайымы Зәуреш Тойбекова бастап, топқа ардагер ұстаздар, жас мамандар сонымен қатар оқушылар және білім мекемелерінде қызмет атқарып жүрген сан қырлы лауазым иелері қосылды. Бес күнге созылған бұл саяхатта барлығымыз бір үйдің баласындай болып, тез тіл табысып кеттік. Ұзақ жолда жүйткіген автобустың тар дәлізіне қарамастан ән де шырқалды, би де биленді, ойын да ойналды. Ойын демекші, автобустағы ұстаздар арасында «Өзін-өзі қаржыландыру» атты ойын ұйымдастырылып, жасырылған жұмбақтың жауабын тапқан әріптеске алдағы жылға Ыстық көлге тегін жолдама тапсырылды.
Қазақтың кең дархан жазиралы жерімен жөңки отырып Көкшетауға жеткенімізде, әне-міне дегенше Бурабайдың саф ауасы да сезіле бастады. Жолдың екі жағында касқайып мойнын күнге созып, бір-бірімен таласқан қарағайлар мен «сәлем берген» тәрізді иілген ақ қайыңдар көздің жауын алады. Мұндағы әрбір талдың, тастың, әр шыңның өзіндік тарихы мен ел аузында қалған аңызы бар. Айтар болсақ, «Оқжетпес пен Жұмбақтас», «Қыз-кемпір», «Абылыйдың ақ бурасы» туралы аңыздар әлі күнге ел аузында. Келесі кезекте саяхатымыз арман қала – Астанада жалғасты. Қалаға кіргеннен биік-биік зәулім ғимараттар, мәдениет ошақтары, демалыс орындары, түрлі-түсті гүлзарлар, биші субұрқақтар, Есілдің оң жағалауы мен сол жағалауы, төбесін көкке тіреген Бәйтерек, Хан шатыры, Пирамида, «Думан» ойын-сауық кешені барлығы да бірін-бірі толықтырып, Астананы асқақтата түсуде. Алдағы «Экспо-2017» көрмесіне орай ұйымдастырылып жатқан дайындық жұмыстарының қарқынды жүргізілуі көз тойдырады. Барлығы да өз дәрежесінде және сәтті өтеді деген сенімдеміз.
Саяхат кезінде үш мезгіл тамағымен, жайлы жатын орынмен қамтамасыз етіп, қызмет көрсеткен Астанадағы «Турист» қонақ үйіне, «Бурабай» қонақ үйіне, жолсерік ханымдарға және де бізді аман-есен үйімізге жеткізген автобус жүргізушілеріне алғысымыз шексіз.
Табысты, есте қалардай, елеулі күндерде жолыққанша күн нұрлы болғай!
Бахытгүл УМИРБАЕВА,«Балбөбек» балабақшасы,Т.Рысқұлов ауданы
-
Фото
-