
ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСАУҒА АСЫҒАЙЫҚ
Мемлекеттің негізі жер болса, оның болашағы балалар, жастар деген ұлағатты сөз бар. Бұл шынында да ақиқатты айғақтаған тұжырым. Қазақ елі ежелден бала саны мен тәрбиесіне айрықша көңіл бөлген. Тәуелсіздік алған ширек ғасыр ішінде бағдарламалық құжаттарда балаларды оқыту, мектептен тыс мекемелер ашу, оларды тамақ, киім-кешекпен қамтамасыз етуге баса назар аударылуда. Осындайда ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсыновтың «ұлым дейтін елі болмаса, елім дейтін ұл қайдан шықсын» деген ой салар сөзі еске оралады.
Ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерей тойына орай ағымдағы жылдың 1-ші тамызынан басталған дәстүрлі «Мектепке жол» акциясы биылғы жылы кең көлемде өтуде. Республика көлемінде өтіп жатқан науқанға Жамбыл облысы, Шу ауданы, Алға ауылдық округі, Алға орта мектебі мен ауыл тұрғындары белсене атсалысуда. «Қайырымдылық жасасаң, қайырымын өзің көресің» деген дала даналығын дәріптеген алғалықтар жетім, аз қамтылған отбасы балаларына, көп балалы отбасыларға қамқоршы болып, аялы алақанын тосып, жүрек жылуын ұсынуда аянып қалмады. Сауапты іске азаматтық парыз ретінде қараған олар көптің алғысын алып, құрметке де бөленді. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, олардың есімдерін атап кеткенді жөн көрдік. Акция барысында аудан әкімі Рүстем Дәулет мектептің оқушысы Ораз Айгерімге 15 000 теңге көлемінде мектеп формасын ұсынды. Алға ауылдық округінің әкімшілігі де Алиев Рүстем мен Дастанға мектеп формасын алып берді. Ал жеке кәсіпкерлер Ғ.Диханбаев 13 000 теңге, Д.Еділбаев 7000 теңге, М.Устемиров 10 000 теңге, Е.Алжаппаров 19 000 теңге, Л.Мухатаева 7000 теңге, Қ.Абикеев 15 000 теңге көлемінде қаражат бөліп, мұқтаждарға мектеп формасын алуға жәрдемдесті. Мектеп ұстаздары да қарап қалмастан 13 000 теңге көлемінде қаражат жинап, екі оқушының мектеп формасын киюіне сеп болды.
Осындай сауапты шараға ат салысқан ізгі жандардың игі істері, қамқорлығы жалғасын таба беретініне сенім мол. Акцияға көмек қолын созған барша азаматтарға алғысымыз шексіз. Еңбекте істері өрге бассын демекпіз!
Балжан ЖАНҚОРАЗОВА,Алға орта мектебінің әлеуметтік педагогы