
БАЛАЛАРҒА БІРГЕ КӨМЕК БЕРЕЙІК
Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Жамбыл облыстық ұйымы Мемлекет басшысының мектеп оқушыларының сабаққа қатысуын толық қамтамасыз ету туралы тапсырмасын орындау мақсатында бірнеше жыл қатарынан өтіп келе жатқан «Мектепке жол» акциясына белсене атсалысып келеді. Акция мақсаты – аз қамтылған және көп балалы отбасылар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар ішінен оқушыларға жаңа оқу жылына дайындық кезеңінде және әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке бармауының алдын алу үшін көмек көрсету. Биылғы жылы «Балаларға бірге көмек берейік» үндеуімен өткен қайырымдылық шарада да кәсіподақтар қарап қалған жоқ.
Кәсіподақтың Жамбыл облыстық ұйымы қала маңындағы Солнечный кентінде тұрып жатқан Кондрашихина Ангелина мен Кондрашихина Анжеликаға мектепке қажетті киім-кешектер сыйлады. Басында баспанасы жоқ, жалғыз өзі бес баланы асырап отырған ана үшін екі қызын бірдей мектепке дайындау әлбетте қиыншылық туғызған.
- Қыздарым қаладағы №34 мектепте оқиды. Биыл 4-ші сыныпқа барады. Жаңа оқу жылының басталуымен қатты қиналатыным рас. Мектеп формасы, қағаз-қаламы, тағы басқалары өте қымбат. Оның үстіне жалғыз бастымын. Бірақ мейірімді жандардың арқасында биыл ауыртпалық көп болмайын деп тұр. Сіздердің көмек арқылы қос қызым мектеп формасымен, портфельмен, спорттық киіммен қамтамасыз етілді. Басына бантик те алып бердіңіздер. Сіздерге көп рахмет! Жасаған қайырымдылықтарыңыз үшін алғысым шексіз! – деді кейуана Елена Кондрашихина.
Ел болып, халық болып әрдайым осындай игі істерді қолға алу – әрқайсымыздың азаматтық парызымыз. Әрбір баланы мектеп партасына отырғызып, оларға сапалы білім беру, бұл – бүгінгі азаматтардың болашақ алдындағы жауапкершілігі. Мұндай шаралар балалардың білім алуға деген ұмтылысын да біршама арттыра түсетініне сенім мол. Осындай игі шараларды науқанда ғана емес, мүмкіндік болса әрдайым жасап тұру сауапты игі іс екенін ұмытпайық.
Перизат БАҚЫТ
-
Фото
-