
ҰСТАЗҒА ДЕМЕУ БОЛУ - МІНДЕТІМІЗ
Сырттай қарағанда біркелкі тірлік ағысына ілесіп келе жатқандай көрінгенімен де, мұғалімдерді де әлеуметтік немесе экономикалық мәселелер еш айналып өтпейді. Мысалы, олардың еңбектері қалай бағаланады, олардың зәру өтініштеріне кім құлақ асады? Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Жамбыл облыстық ұйымы, Жуалы аудандық комитетінің төрайымы Гүлнұр ҚАДЫРБЕКҚЫЗЫМЕН сұхбатымыз осы бағытта өрбіді.
- Басқа салалармен салыстырғанда, Сіз басқарып отырған ұйым ірі кәсіподақ мекемелерінің бірі екенін білеміз. Әуелі осыны таратып өтсеңіз…
- Жуалы аудандық білім беру қызметкерлері кәсіподақ ұйымына 3932 адам мүше десек, бастауыш кәсіподақ ұйымының саны -74. Одан әрі тарқатсақ 2 мектеп-гимназия, 28 орта мектеп, 4 негізгі мектеп, 6 бастауыш мектеп, 26 мектепке дейінгі білім беру ұйымы, 4 өнер мектебі, педагогикалық-психологиялық түзету орталығы, аула клубы және жеке меншік «Алтынай» балабақшасы және білім бөлімінің ұжымы бір ұйымға бірігіп отыр.
- Кәсіподақ ұйымдары өз жұмыстарын қалай жүргізеді?
- Айталық, әр жұма - төрағалардың кәсіподақ ісімен айналысатын күні. Сол себепті бұл күні төрағаларға сағат берілмейді, олар өз мекемелеріндегі кәсіподақ мүшелерін қабылдайды. Әріптестерінің сауал-өтініштерін тыңдайды, мәселелерін шешуге көмектеседі. Бұған қоса әр тоқсан сайын семинар өткізіліп, онда осы кезеңде атқарылған істер талқыланады, алдағы тоқсанның міндеттері пысықталады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен меншік нысанына қарамастан барлық мекемелерде ұжымдық шарт болуы міндеттелгені белгілі. Біз бұл талапты 100 пайызға орындадық. Бізге қарасты мекеменің барлығында да ұжымдық шарт жасалған. Ал ұжымдық шарт - ұжымның да, жұмыс берушінің де мүддесін қорғайтын құжат. Еңбек ақы, жұмыс күндік нормативі, еңбек демалысы, осының барлығы да ұжымдық шартта нақты көрсетілген.
- Дегенмен мұндай шарттарға қарамастан, кейбір мекеме басшыларының заңбұзушылыққа баратыны да рас. Мұндай оқиғалар білім бөлімі, мектеп директорлары немесе балабақша меңгерушілері тарапынан орын алды ма? Міне, жаңа оқу жылы да басталды. Мекеме басшыларынан қысым көріп, еңбек бөлінісіне, сағат санына, еңбекақыға наразылық білдіріп, шағымданғандар болды ма?
- Болады. Мәселен жыл басында, нақтырақ айтсам 2016 жылдың 6 қаңтарында білім бөлімі жергілікті жерлердегі мектептерде жылу қазандығының аға операторы болып, жыл бойы жұмыс істейтін азаматтарды маусымдық (6 айлық) операторлардың деңгейіне төмендету туралы бұйрық шығарады. Осыған байланысты, жұмыскерлер бізге қайырылған. Кәсіподақтың аймақтық еңбек инспекторы Ғазиз Оспановтың болған жағдайды зерделей, саралай келе, ҚР Үкіметінің 2008 жылғы 30 қаңтардағы №77 қаулысына сәйкес, аталған қаулының 8-бөлімі бойынша, яғни, барлық білім беру ұйымдарына ортақ жекелеген лауазымдар бойынша білім беру ұйымдары қызметкерлерінің үлгі штаттарының 4 адамнан тұратындығына орай, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйесіне берілмеген ұйымдарда жылу қазандығында жұмыс істеуге 1 аға оператор лауазымдары белгіленуі керектігін алдыға тартып, жұмыскерлердің бұзылған құқықтарын қалпына келтіру жөнінде білім бөліміне жоғарыда айтылған бұйрықты бұзу туралы ұсыныс хат жолданды. Қорытындысында білім бөлімі ұсынысымызды қабыл алып, орындап, аудан бойынша барлық аға операторларды өз жұмыс орындарында қалдырылды. Жалпы, біздің ұйым жұмыс беруші тарап пен кәсіподақ мүшелері арасындағы келіспеушіліктер мен дауларды ұзаққа созбай, тезірек шешудің жолдарын әрдайым қарастырамыз.
Екінші бір дәлел, оқу жылының соңында Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназиясында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуіне сәйкес, мектеп директоры оқушылар мен мұғалімдерді уақытша сол мекемеге жақындау жерде орналасқан екі мектепке жіберуге, ал білім мекемесіндегі кіші қызметкерлерді айлық жалақысы сақталмайтын демалысқа шығаруға әрекет жасайды. Сәйкесінше, әлгіндей санаттағы азаматтарға өтініш-хат жазу талап етіледі. Мұның соңы құқығы бұзылған еңбекшілердің шағымдануларына алып келеді. Дегенмен, біз бұл мәселені де оң шешуге күш салдық. 2015-2017 жылдарға жасалған Ұжымдық шарттың 6 тарауының 21-тармағына сілтеме жасап, жұмыстың жұмысшы кінәсынан болмай тоқтап тұрған күндері үшін қызметкерлерге, көтерме, қосымша және үстеме ақыларсыз, ағымдағы жалақы мөлшерінде ақы төленетіндігін айтып, нәтижесінде мектептегі барлық кіші қызметкерлер заңсыз ақысыз демалысқа жіберілмей, қайта оларға ұжымдық шартта көрсетілгендей айлық жалақысы сақталатын еңбек күндері белгіленіп, жұмыс орындарында қалдыру қарастырылды.
Осының бәрі нені көрсетеді? Яғни, әлеуметтік әріптестік аясында келіссөздер жүргізе отырып, қай кезде болсын екі тараптағылар үшін ортақ шешімге келуге болатындығын әйгілейді. Сондықтан болар соңғы жылдары аудандық сотта ешқандай іс қаралған жоқ.
- Кәсіподақ мүшелерін, мұғалімдерді қандай мәселелер жиі мазалайды? Ұстаздар жиі айтатын өтініштер туралы айтсаңыз.
- Оқу жылының басы әр жылы да өте қарбалас болады. Кәсіподақ мүшелерінің жиі хабарласып, түрлі сауалдар қоятын, кеңес сұрайтын кезі де осы бастапқы екі ай. Сауал мазмұнының дені — еңбекақы, жұмыс орындарының қысқаруы, еңбек кітапшаларының дұрыс жүргізілмеуі, мекеме басшыларының заңды білмеуі салдарынан орын алған оқиғалар. Расында да, мекеме басшылары тарапынан іс қағаздар жүргізуде көп қателіктер кетеді. Міне, осындай жағдайларға байланысты мекеме басшыларына, мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасарларына, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағаларына құқықтық семинарлар ұйымдастырып, аймақтық құқықтық инспекторды я болмаса заң органдарынан мамандар шақырып өткіземіз.
Биылғы жылы ҚР жаңа Еңбек кодексі мен Еңбек ақы төлеудің Жаңа моделінің негізгі нормалары мен ережелері қолданысқа алынды. Жаңа Заң жұмыс берушілер мен жұмысшылар өкілдерінің құқықтары мен міндеттеріне біршама өзгерістер алып келгені анық. Осы орайда, Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 156-бабының талаптарын орындауда «Жуалы ауданыәкімдігінің білім бөлімі» КММ-не қарасты мемлекеттік мекемелер және қазыналық кәсіпорындар мен «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Жамбыл облыстық ұйымы Жуалы аудандық комитеті» Филиалы арасында 2015-2017 жылдарға жасалған ұжымдық шартқа өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы қосымша келісім жасалып, Жамбыл облысы әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасына мониторингке жолданып, тіркеуден өтті.
Комитетке кәсіподақ мүшелерінен ауызша да, жазбаша да шағымданушылар бар. Оған қоса күн сайын мұғалімдер телефон арқылы сұрақ қояды, кеңес сұрап келеді. Жалпы жылына 200-ге жуық ауызша түрде, 30-ғажуық жазбаша шағымдар қабылданады. Бізде арыз-шағымдарды тіркейтін арнайы журнал жүргізіледі. Онда шағымданушы туралы нақты дерек, жұмыс орны, шағымы жазылады. Сонымен қатар, шағымға байланысты жұмыстың нәтижесі көрсетіледі. Жазбаша шағымдарға 10 күннің ішінде жазбаша жауап беріледі. Айта кету керек, журналға тіпті телефон арқылы қойылған сұрақтар да тіркеледі. Және нақты жауап беріледі.
- Кәсіподақ мүшелерінің тұрмыс, денсаулық, әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында қандай шаралар жасалып жатыр?
- Кәсіподақ назарындағы шаруалардың бірі - білім саласындағы қызметкерлердің денсаулығын жақсарту, сауықтыру. Облыстық кәсіподақ комитетінің еліміздің бірқатар санаторий және сауықтыру орталықтарымен арнайы келісімі бар. Мұғалімдер өтініштері бойынша «Сарыағаш», «Самал», «ГРЭС», «Манкент», «Меркі», «Ақниет» сауықтыру орталықтарында демалып келеді. Шипажайлар бойынша жалпы сомма 5 932 250 теңгеге жолдамалар алынса, Жуалы-Түркістан, Ыстық көл жағалауындағы саяхаттар мен демалыс ұйымдастыру үшін 1054 000 теңге бөлінді. Кәсіподақ ұйымы кәсіподақ мүшелерінің демалу ақысының 50 пайызын төлейді. Сонымен қатар, ауыр ота жасау кездерінде қаржылай қолдау көрсетеміз. Кейбір дертті адамдар қымбат дәрі алып беруді өтінеді. Мұндай жағдайда да өтініштер мен хаттамалар негізінде көмек көрсетіледі.
- Әңгімеңізге рахмет, қызметтеріңізге табыс тілейміз!
Перизат БАҚЫТ