
АТҚАРУ КОМИТЕТІНДЕ
Өткен жұмада Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Жамбыл облыстық ұйымында Кәсіподақ филиалдары мен тікелей бағыныстағы құрылымдық бөлімшелер жетекшілері, Атқару комитетінің мүшелері, құқықтық еңбек инспекторларының қатысуымен Атқару комитетінің кеңейтілген отырысы өтті. Мәжіліс отырсын кіріспе сөзбен ашқан және жүргізген Кәсіподақ төрайымы Гүлсін Орынбаева болды. Атқару комитеті мүшелері күн тәртібін бекіткеннен кейін, әзірленген құжат жобаларымен танысып, күн тәртібіне шығарылған мәселелерді талқылауға көшті, бірқатар маңызды шешімдер қабылдады.
Мәселен, жиында Кәсіподақтың Сарысу аудандық филиалының бастауыш кәсіподақ ұйымдарындағы техникалық инспекторлардың жұмысын ұйымдастыру тәжірибесі туралы; Мойынқұм, Т.Рысқұлов аудандары бойынша құқықтық кәсіподақтық еңбек инспекторларының сала қызметкерлері-кәсіподақ мүшелерін құқықтық қорғау жұмысын ұйымдастыру жағдайы туралы; 2016 жылғы жаз мусымына жоспарланған сауықтыру шараларының барысы мен алғашқы қорытындылары туралы мәселелер талқыланды, ұсыныстар берілді.
Атқару комитетінің отырысы барысында кәсіподақ комитеті төрағалары еңбек адамын насихаттау және дәріптеу, келешек ұрпақты еңбек әулетін құрметтеуге тәрбиелеу, жастарды кәсіптік бейімдеу, балалар мен жастар арасында өз болашағын анықтауды қалыптастыру, кәсіподаққа жастарды тарту мақсатында «Бүгінгі кәсіподаққа – белсенді жастар» атты кәсіподақ мүшелігіне ынталандыру айлығын ұйымдастыру мен өткізу туралы шешім қабылдады. Сонымен қатар, «Кәсіподақ үйірмелерінің ең үздік модераторы» облыстық байқауын өткізуді ұйғарды.
Атқару комитетіне қатысушылар сонымен қатар, әлеуметтік әріптестік актілеріне енгізілген өзгертулер мен толықтыруларды түсіндіру және насихаттау жұмысы, «Ұстаздар күні», «Еңбек күні» мерекелеріне арналған іс шаралар жоспарын талқылап, жаңа оқу жылын белсенділікпен бастады.
Перизат БАҚЫТ
-
Фото
-