ЖАҢАЛЫҚҚА – ЖАҢА КӨЗҚАРАСПЕН
Жамбыл облысы Қордай ауданы білім қызметкерлері кәсіподағының соңғы жылдарда атқарған істері өте ауқымды. Аудандық комитет кәсіподақ белсенділері легін қалыптастыру жолында елеулі істер атқарып отыр. Мектептің «жүрегі» мұғалім болса, кәсіподақ сол мұғалімнің сапалы қызметін ұйымдастырушы ретінде көшбасшы болып тұр.
Аудан көлемінде кәсіподақ оқуларын ұйымдастырып, өткізіп отыратын тірек мектептері жүйесі қалыптастырылған. Бұл көп жылғы кәсіподақ тәжірибесінің үлкен жетістігі. Кәсіподақ беделінің артып, қызметкер құқығын сауатты қорғай білетін үлкен күшке айналуына құқықтық үйірмелердің қосар үлесі ұшан-теңіз. Мереке қарсаңында №10 Қызылсай орта мектебі кәсіподақ комитетінің ұйымдастыруымен «Кәсіподақ активін оқытудың инновациялық нысандары» тақырыбында аудандық кәсіподақ белсенділерінің семинары өткізілді. Бұл семинарға аудан көлеміндегі кәсіподақ көшбасшылары қатысып, бірқатар ауқымды сұрақтарды талқылады. Семинар бірнеше кезеңнен тұрды. Қатысушылардың тиімді байланысын орнату үшін әртүрлі психологиялық тренингтер өткізіліп, қатысушылардың ойын орындалатын жұмыстардың маңыздылығына бағыттай білді. «Жеке еңбек даулары және оларды шешу тәртібі», «Еңбек шарты», «Еңбек ақы және оның жасақталуы» тақырыптарын талдауда оқытудың дәстүрлі емес әдістері - «миға шабуыл», «қыздырушы ойындар», «пікір талас», «іскерлік ойындар» кеңінен қолданылды. Семинар барысында қонақтарға қызықты тосын сыйлар жасалып, семинардың тиімділігі арта түсті.
Семинарды талдаудың өзі өте қызықты болды. «Автобуспен жол жүру» әдісі бойынша қатысышулар семинардан алған әсерлерін баяндады. Ұжым ұйымшыл болса, алынбайтын қамал болмайтынына семинарға қатысушылар көздерін жеткізіп қайтты.
Алик СЕЙДЕҚОЖАЕВ,№10 Қызылсай орта мектебі кәсіподақ комитетінің төрағасы,ЖАМБЫЛ облысы, ҚОРДАЙ ауданы
-
Фото
-