«Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігі
Мемлекетіміздің басты байлығы – еңбек адамы. Кәсіподақтар күні тек қана кәсіподақ мүшелерінің мерекесі емес, ол бәрінен бұрын еңбек адамының мерекесі.
Мерекенің басты міндеті – еңбек адамының құқықтарын қорғауда кәсіподақтардың шоғырланған әрекеті мен бірлігінің нығайуы, еңбек адамының мәртебесін көтерудегі кәсіподақ қозғалысын насихаттау. Кәсіподақтардың күші оның көпшілігінде, ауызбіршілігінде. Ең басты мақсаты – бұл кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау, өз қатарына жаңа кәсіподақ мүшелерін, жастарды тарту.
2016 жылдың 14 маусымында Ақтөбе қаласында облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ активінің кеңейтілген жиналысы салтанатты түрде болып өтті.
Кәсіподақ активінің кеңейтілген жиналысы Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар күні мен оқу жылының аяқталу қорытындысына арналып, кәсіподақ белсенділері мен әлеуметтік серіктестер бас қосып, облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы осы шараға ұйытқы болды.
«Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Серікова Раушан Серікқызы жиылған жұртшылықтың алдында сөз сөйлеп, өз құттықтауын жеткізді. Өз сөздерінде Кәсіподақтар күнімен шын жүректен құттықтай келе, 2015-2016 жылдарда Ақтөбе облысындағы білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының атқарған жұмысына қорытынды жасап, келешек мақсат-міндеттерді айқындап берді.
Айтулы шара барысында кәсіподақ қозғалысының даму жолында қосқан үлкен үлесі үшін 77 кәсіподақ белсенділері Құрмет грамоталарымен және ақшалай сыйақымен марапатталса, оның ішінде үшеуі төс белгісімен және үшеуі салалық кәсіподақтың Құрмет грамоталарына ие болды. 23 кәсіподақ белсенділерінің еңбегі облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы мен облыстық білім басқармасының Құрмет грамоталарымен белгіленді.
7 адам облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Облыстық конкурстардың жүлдегерлері де сыйлықтан құр қалмады. «Еңбек адамы - мемлекеттің ең жоғарғы құндылығы», «Ең үздік кәсіподақ ұйымы - 2016» облыстық конкурстарының жүлдегерлері облыстық кәсіподақ комитетінің дипломдарымен марапатталды. Алматы қаласында өтетін Республикалық жастар лагеріне қатысу сертификаттары Қ.Жұбанов атындағы өңірлік университеттің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Г.М.Зарлыковаға, А.А.Каратаевқа және Д.А.Әбікешоваға табысталды.
Әлеуметтік серіктестік жолында бірлесе атқарған белсенді жұмысы үшін облыстық Балалар үйінің директоры, әлеуметтік серіктес К.Ж.Байгазинге Қазақстандағы шипажайлардың біріне тынығып қайту мақсатында сертификат берілді.
Алға балалар үйінің 3 түлегі – облыстық кәсіподақ ұйымының есебінен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде тәлім алған және еңбек жолын ұстаз ретінде ұштастырып жатқан педагогтарымызға құттықтау хат табыс етілді.
Оқу жылының қорытындысы бойынша 50 үздік мұғалім Жамбыл облысына емделіп демалуға «Мерке» шипажайына жолдамамен барады.
-
Фото
-