
КӘСІПОДАҚ: КЕШЕ, БҮГІН ЖӘНЕ ЕРТЕҢ
Заман талабына сай кәсіподақтық оқытудың жағдайы кәсіподақ қозғалысының дамуымен байланысты және еңбек адамдарын әлеуметтік-экономикалық қорғаудағы ұтымды нысан ретінде кәсіподақтың беделінің нығая түсуіне елеулі үлесін қосады. Кәсіподақтық оқытудың қызметкерлер арасында кеңінен етек жайып, ықпалды күшке айналуы – заман талабы. Осы орайда, кәсіподақтар күні мерекесі қарсаңында Кәсіподақтың Шу аудандық комитетінің ұйымдастыруымен «Кәсіподақтық оқыту: жаңа көзқарас, жаңа әдістер» тақырыбында семинар өтті. Семинарға бастауыш кәсіподақ ұйымдарының көшбасшылары, кәсіподақтық үйірме жетекшілері, аудандық кәсіподақ комитетінің төрағалары қатысты.
Кәсіподақтың Шу аудандық комитетінің қызметі туралы түсірілген бейне фильмнің көрсетілімінен кейін мектеп психологтары тренинг жүргізіп, семинар қатысушыларын сергітіп, ойларын оқуға ойыстырды. Ойларын бір арнаға тоғыстырған кәсіподақ көшбасшыларымен Г.Әуелбекова «Кәсіподақ: кеше, бүгін және ертең» деген тақырыпта мастер-класс өткізді. Сары шарф таққан кәсіподақтықтар шартты түрде үш топқа бөлініп, алғашқы топ кешегі кеңес заманындағы кәсіподақ туралы айтса, екінші топ бүгінгі кәсіподақ қозғалысының бет-бейнесін аша түсті, ал үшінші топ болашақ кәсіподақ қозғалысының моделін жасады. Нәтижесінде кешегі күннің қателігін бүгін қайталамайтын, ертең бүгінгіден де бәсекеге қабілетті болатын кәсіподақтың моделі жасалды, ендігі кезек қағаздағыны қуаттандырып, іске асыру ғана.
Шеберлік класынан соң семинар қатысушылары бірден ток-шоуға қатысты. «Заң және біз» деп аталатын тікелей эфирде қатысушылар жеке еңбек даулары мен оларды шешу тәртібін қарады. Ток-шоудың тәртібі бойынша жұмыс беруші мен кәсіподақтар болып бөлінген екі топтың кәсіподақтар жағына қызметкер шағымданып келеді. Мәселенің мәнісін ток-шоуда екі жақ заң шеңберінде шешіп, кәсіподақтар жағы жеңіске жетеді. Тәжірибелі модератор, үйірме жетекшісі Г.Бексултанова өткізген тренингтің берері мен үйретері көп болды.
Жаз маусымының жеткенін ескерген ұйымдастырушылар Еңбек кодексінің үлкен бір бөлігіне арнап «Жұмыс уақыты мен демалыс уақыты» атты коучинг ұйымдастырды. Кофе-үзілістен жүрек жалғап шыққан көшбасшылар В.Коротуненконың жетекшілігімен жұмыс уақыты, оның ұзақтығы, демалыс түрлері, ақы төленетін демалыстар мен әлеуметтік демалыстардың мазмұнын көрнекі құралдар: мультимедия мен слайдтар, театрландырылған көрініс арқылы аша түсті. Бір топ жұмыс уақыты туралы топтама жасаса, екінші топ демалыс уақыты туралы кең түсінік берді. Барлық ойын түрлерінде үйірме жетекшісі-модераторлардың кәсіби шеберлігі, сөз саптауы, шешім шығара білуі, мазмұнды баяндауы мен ұйымдастыра білу қабілеттері көзге түсіп тұрды.
«Сіз еңбек заңнамасын білесіз бе?» атты блиц-сауалнамаға қатысып, дұрыс жауап берген әрбір қатысушыға естелік сыйлық үлестірілді. Рефлексия барысында еркін микрофонмен пікір білдірген барлық қонақтар мен эксперттік топ мүшелері семинардың жоғары деңгейде өткенін атап өтті. Аудандық комитет төрайымдары Д.Орынбекова, Ф.Байбекова, Ж.Орынбеков, төраға орынбасары Е.Мағзымбековтер оң пікірлерін білдіріп, тиісті жерлерде ескертулерін де жасап өтті.
Семинарды қортындылаған Кәсіподақ төрайымы Г.Орынбаева өз сөзінде осы модераторлар –аудандық үйірме жетекшілерінің модераторы Г.Әуелбекованың, Жайсан орта мектебінің кәсіподақ үйірме жетекшісі Г.Бексултанова мен М.Х.Дулати атындағы орта мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы В.Коротуненконың кәсіби шеберліктерін ерекше атап өтті. Сонымен қатар, Гүлсін Рахымжанқызы аудандық комитет төрайымы Қамажай Иманбаеваны жоғары деңгейде ұйымдастырған семинар үшін арнайы марапаттап, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Перизат БАҚЫТ
-
Фото
-