Топжарған» бүлдіршіндер байқауы
Аудандық білім бөлімі әдістемелік кабинеттің әдіскері Рысмендиева Элмира Нәсілбекқызының ұйымдастыруымен ағымдағы жылдың 29 сәуірінде Қазақстан Халықтарының Бірлігі күніне орай 3-6 жас аралығындағы мектепке дейінгі мекемелерде тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндер арасында аудандық «Топжарған» балалар байқауы өткізілді. Байқауға 3 мемлекеттік, 6 жекеменшік, 5 шағын орталық және 2534 әскери бөлімінің бүлдіршіндері қатысты. Байқау 5 кезеңнен өтті. Бірінші кезең топты таныстыру, екінші кезең логикалық тапсырмаларды орындау, үшінші кезең өлеңді мәнерлеп оқу, төртіншісі сурет салу, соңғы кезең өнерлерін көрсету болды. Барлық мектепке дейінгі мекемелер аса жоғары дайындықпен келген. Балалардың өзін-өзі ұстауы, ағылшын, қазақ, ұйғыр, орыс тілдерінде өлеңдерді жатқа мәнерлеп оқулары, сахналық көріністері, логикалық тапсырмаларды орындауы және мың бұралып билегендері көрермендерді таң қалдырды. Сонымен қоса бүлдіршіндердің сахналық эстетикалық талапқа сай киім кигендері ата-аналардың да жауапкершілігінің жоғары, бала тәрбиесі үшін атсалысып немқұрайлы қарамайтындығын білдірді.
Байқау соңында білім бөлімінің басшысы Сайдахметова Венера Анарбекқызы жиналған қауымды 1 мамыр Қазақстан Халықтарының Бірлігі күнімен шын жүректен құттықтап, мектепке дейінгі мекемелердің аса жауапкершілікпен дайындалып келгендеріне алғысын білдіре келе, байқау нәтижесі бойынша жеңімпаздарға жүлделі орындармен марапаттады.
«Топты таныстыру» кезеңінде 1-ші орынды «Балбөбек» балабақшасы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының «Витаминдер» тобы, «Логикалық тапсырмалар» бойынша 1-ші орынды Ж. Құдайбергенов атындағы орта мектебінің шағын орталығының тәрбиеленушісі Совет Қуаныш, «Мәнерлеп оқу» кезеңінде 1-ші орынды №4 Шонжы орта мектебінің шағын ортылығының тәрбиеленушісі Ерқанатқызы Әмина, «Балалық шақтың бақытты бояулары» кезеңінде 1-ші орынды №3 И. Молутов /Бахтия/ атындағы шағын орталығының тәрбиеленушісі Исраилова Ирада және «Өнер сайысы» кезеңінде ЖШС «Еркетай» балабақшасының «Айгөлек» тобы жеңіп алды. Ал, жалпы 5 кезеңнің нәтижесі бойынша «Бас жүлдені» Бахар ауылындағы «Нұрлы болашақ» балабақшасы мемлекеттік коммуналдық мекемесінің «Нұр» тобы, І-ші орынды 2435 әскери бөлімінің «Балдырған» балабақшасы мемлекеттік мекемесінің «Стеляги» тобы, ІІ-ші орынды ЖШС «Сая» балабақшасының «Пчелки» тобы, ІІІ-ші орынды «Аяла» балабақшасы мемлекеттік коммуналдық мекемесінің «Достық» тобы жеңіп алды. Жалпы байқауға қатысқан 45 бүлдіршіннің барлығы марапатталып, сыйлықтар алып қайтты. Сонымен қатар білім бөлімінің басшысы байқауға қатысқан бүлдіршіндерге сыйлық алу үшін демеушілік көрсеткен аудандық «Қамқор», «Ұрпақ парызы» қоғамдық бірлестіктеріне, «Нұрлы болашақ», «Алихан» балабақшаларының ұжымына рахмет айтты.