«КӘСІПОДАҚ ҚЫЗМЕТІНІҢ НЕГІЗДЕРІ» тақырыбында семинар өтті
Қазақстандық салалықбілім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы Жамбыл облыстық ұйымының ұйымдастыруымен қайта сайланған бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары үшін «Кәсіподақ қызметінің негіздері» тақырыбында семинар өтті. Кәсіподақ үйінің мәжіліс залында өткен оқу семинарына 27 тыңдаушы қатысты.
Кәсіподақ қызметі туралы деректі фильмнің көрсетілімінен басталған семинарды төраға орынбасары Ерұлан Мағзымбеков жалғастырды. Өз дәрісінде ол кәсіподақ ұйымдарының негізгі мақсат-міндеттері және құрылымы туралы айта келе, «Кәсіподақ мүшелігінің тиімділігі неде?» деген сауал төңірегінде тренинг өткізді. Ал кофе үзілістен соң бас инспектор Берік Баймағамбетов биылдан бастап қолданысқа енген жаңа Еңбек кодексін тәжірибеде қолданудың бірқатар сұрақтары тақырыбы бойынша лекция оқып, жаңа заңнаманың қыр-сырымен таныстырды.
Жұмыс берушінің актілері және оларды кәсіподақпен келісу тәртібі тақырыбында біріккен кәсіподақ комитетінің төрағасы Жанболат Орынбековтың жасаған сабағы қатысушылар арасында қызығушылық тудырды. Семинарда алған білімдері мен ақпараттарын тәжірибеде меңгерту мақсатында Әлия Джолшибекованың жетекшілігімен практикалық сабақ пен рөлдік ойындар ұйымдастырылды. Топ-топқа бөлінген семинар қатысушылары жас мамандарды кәсіподақ мүшелігіне тарту, кәсіподақ белсендісіне айналдыру сынды өз жобаларын ұсынды. Алдын ала дайындалған ситуациялық сұрақтарға жауап берді.
Семинар соңында сұрақ-жауап сағаты ұйымдастырылып, қатысушылар еңбек туралы және салалық заңнаманы қолданудың бірқатар сұрақтарына модераторлардың жауаптарын алды. Қатысушылар естелік суретке түсіп, тыңдаушыларға куәлік тапсырылды.
-
Фото
-