Жарқын болашақ жастардың қолында
Кәсіпқойлық, шығармашылық таным таныту және заманауи талаптарына сай болу кез-келген мамандарға тән критерий екені айдан анық. Ал педагог үшін бұл тәрізді межелер өте маңызды. Себебі, ұстаздың бүгінгі шәкірті болашақ күннің, елдің тағдырын шешуде, имиджін арттыруда маңызды рөл атқаратыны белгілі. Осы және тағы басқа тақырыпта Ұлы Жеңіс күні қарсаңында Павлодар қаласының білім беру бөлімі мен қалалық кәсіподақ ұйымы жас педагогтардың форумын өткізді.
Қазақстан Республикасының білім беруді дамытуға бағытталған мәселелер жеті алаңда талқыланып, тәжірибелі ұстаздар мен жас педагогтар өздерінің пікірлерімен бөлісіп, тәжірибелерімен алмасып, ұсыныстарын алға тартты. Пікір алысу мен сұхбат түрлі тақырыпта жүрді: «Жастық, мотивация және шеберлік» дөңгелек үстелі, «Шетел тілін үйренудегі жаңа тиімді технологиялар», «Жаңа заман педагогына арналған талаптар: ұстаз – кәсіпқой – азамат – жаратушы» тақырыбындағы мастер-кластар, «Жас келсе іске», «Тас жарған ағаштар», «Ұстаз – көшбасшы» психологиялық тренингтері, «Сабақ жүргізудегі эмоционалдық қолдау» коучинг және т.б. Жаңа идеялар, креативтік пікірлер, ой-толғаныстар павлодарлық ұстаздардың басын қоса білді.
«Жарқын болашақ жастардың қолында» деген тақырыпты тілге тиеп етіп, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрбаев Аспандияр Нұрбайұлы және педагогикалық еңбек ардагерлері Қожахметова Зара Қабдешқызы мен Филинская Мария Николаевна сөз сөйледі.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні демекші, форумның аясында жас мамандардың атымен тығыз байланыс болатын Павлодар қаласының №24 жалпы орта білім беру мектебінің ауласына ағаштар отырғызылды. Сөйтіп, жас мамандар аллеясы пайда болды.
Павлодар қалалық білім беру қызметкерлерікәсіподағының төрайымы Сейітова С.Ш.
-
Фото
-