
ҚҰҚЫҚТЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТІЛДІ
Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы Жамбыл облыстық ұйымының төрайымы Гүлсін Орынбаева кезекті қоғамдық қабылдауды Шу ауданында өткізді. Азаматтарды қабылдау барысында Еңбек кодексін қолдану, еңбек және еңбек қатынастары, жұмыскерлердің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау, жалақы төлеудегі түсініксіз келеңсіздіктер мәселелері бойынша консультациялық құқықтық көмек көрсетілді.
Келіп түскен өтініштердің ішінен мектепке дейінгі білім беру саласының бір топ азаматтары, атап айтқанда тәрбиеші көмекшілері қаңтар-ақпан айларында зиянды жағдайда жұмыс жасағаны үшін төленген қосымшаақыны наурыз айынан бастап алмағанын айтып, арызданды. Жалақы төлеудің жаңа моделіне байланысты ҚР Үкіметімен қабылданған №1193 Қаулыға сай бұл категориядағы қызметкерлерге аталған қосымшаақы қарастырылмаған, сәйкесінше төленбейді, деп жауап қатты Гүлсін Рахымжанқызы.
Өзін Гүлжамал Күзембаева деп таныстырған ұстаз жыл бұрын зейнетке шықса да еңбектеніп жүргенін, қоғамдық қабылдауға оны алдағы кезекті еңбек демалысында сауықтыру жәрдемақысы төленеді ме деген сауал жетектеп келгендігін айтты. Жұмыс берушімен жасалған жеке еңбек шартына сәйкес жәрдемақы төленетінін естіген зейнеткер-ұстаз қуана алғысын айтып кете барды.
Аудандағы №40 мектеп директоры Гүлбарам Тұрлыбек мектептегі зейнет алдындағы ұстаздардың аттестациядан өтуі туралы сауал жолдады.
-Бұрынғы еңбек заңдылығына сай зейнет алдындағы ұстаздарға категориясын ұзарту мүмкіндігі берілетін. Жыл басынан бері қолданысқа енген заңдылыққа сәйкес аталған мүмкіндік жойылған. Бірақ, кәсіподақтар орталық комитет арқылы, облыстық білім басқармасы салалық министрлік арқылы аталған мәселені шешу мақсатында хат жолдап, келіссөздер жүргізуде. Жақын аралықта мәселе өз шешімін тауып та қалар. Алайда, дәл қазіргі уақытта қосымшаақыдан қағылып қалмау үшін, заңмен белгіленген талаптарға сай зейнет алдындағы ұстаздар категориядан өтуге міндетті, - деп түсіндірді Гүлсін Рахымжанқызы.
Қоғамдық қабылдауға келген барлық 16 кәсіподақ мүшесіне тұщымды жауаптар беріліп, түсіндірілді.