АРДАГЕР ҰСТАЗДАРҒА ҚҰРМЕТ
Түркістан қалалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитеті Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына «Тәуелсіздікке 25 жыл – 25 іс шара» тақырыбында іс шара жоспарын жасап, жоспар бойынша жұмыстар атқаруда. Жеңістің 71 жылдығын атап өту мерекесін Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арнаған іс шараның өзекті тұсының бірі десек болады. Жастарға патриоттық тәрбие беруде, отан сүйгіштікке тәрбиелеуде Ұлы Отан соғында бабалардың жасаған ерлігі – жастар үшін өшпес тарих, үлкен өнеге.
Түркістан қалалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетіне қарасты бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалары Ұлы отан соғысының ардагерлерін ардақтау, құрметтеу мақсатында мектептерде іс шаралар өткізді. Ұлы Отан соғысының ардагерлерін кездесуге шақырып мерекелік жиындарында ардагерлерге сый – сияпаттар жасады. Қариялардың үй шаруаларына көмектесу мақсатында сенбілік ұйымдастырып көмек көрсетілді. Аталар ерлігі, Отан үшін от кешкен отты жылдар, келер ұрпақтың есінде, өшпес тарихымен, өнеге тұтар үлгісі ретінде мәңгі сақталады.
Кәсіподақ комитеті майдангер қарт ұстаздарды қадірлеп қастерлеуді бір сәтте естен шығарған емес. Бүгінгі таңда кешегі отты жылдарда бораған оқтың ортасынан келіп, бейбіт өмірде жастарға білім беруді жалғастырған ардагер, ардақты ұстаз қариялардың ортамызда үшеуі ғана бізбен бірге бейбіт өмірдің ортасында жүр. Ол кісілерді жыл сайын ескеріп, құрмет көрсетіп, шаңырақтарында болып, пікірлесу кәсіподақ комитетінің төрайымы Гүлжан Әсілбайқызының жыл сайынғы дәстүрі. Жеңістің 71 жылдық мерекесінде қарт ұстаз, 92 жастағы майдангер қария Абдолла Рысметовтың шаңырағында болып, дастархан басында майдан өмірінен, өткен күндерден естеліктерді еске түсіріп қызықты әңгімелер айтылды. Майдангер, ұстаз, қаламгер Ергеш Ташметовтың шаңырағындағы сырласу өз ерекшелігімен есте қалды. Қолындағы қаруын қаламмен алмастырған қарт майдангер Түркістан қаласының тарихын танытуда еткен еңбектерін жыр етіп баяндады. Майданнан кейінгі өмірін жас ұрпақтарды тәрбиелеуге арнаған Дайрабаев Әбжаппар атамыз бізді аула сыртынан құшақ жая қарсы алып, өз ризашылығын ыстық ықыласымен білдірді.
Түркістан қалалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің заттай, қаржылай берген сый сияпаттары майдангер ұстаздар үшін үлкен ілтипаттың азғантай көрінісі. Алай да қаряилардың көңілін аулау, оларға құрмет көрсету келер ұрпақ үшін өнеге. Майдангер қарттарға арналған сол күн ерекшелігімен, жүрек тебірентер сұхбаттармен есте қалды.
Түркістан қалалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің маманы М.Кенжебаева
-
Фото
-