КӘСІПОДАҚ ОҚУЛАРЫ
Соңғы үш айда көлемі үш түрлі жалақы алған ұстаздардың кәсіподақ заңгерлеріне ат басын бұруы жиілей түсті. Жаңа Еңбек кодексінің қабылдануы мен азаматтық қызметшілерге жалақы төлеудің жаңа моделінің қолданысқа енуімен онсыз да қағаздан бас алмайтын ұстаздар, барлығын қойып өз жалақыларын есептеуге кірісті. Көбісінің қосылады деп күткен еңбек ақысы көңілдерінен шыға қоймады. Жұмысқа қабылдау, босату, бала күтімі демалысынан қайта жұмысқа шығу, үстеме ақылар, біліктілік санатын көтеру сынды мәселелер төңірегінде сауалдар қатардағы ұстаз тұрмақ бастауыш кәсіподақ төрағаларының өздерін тығырыққа тіреді. Осы тұста, кәсіподақтың көп қырлы жұмыс бағыттарының бірі – кәсіподақ оқулары екендігін атап өткен жөн және мұндай кәсіподақтық оқулардың қажеттілігі арта түсті. Қажеттілікке сай кәсіподақ жетекшілерін дайындықтан өткізу мақсатында Кәсіподақ үйінде екі күндік семинар өтті. Семинардың алғашқы күні облыстарда нәтижелі еңбек етіп жүрген үйірме жетекшілеріне арналса, екінші күні жаңадан сайланған бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалары білімдерін жетілдірді.
Семинар барысында Төраға орынбасары Ерұлан Мағзымбеков «Кәсіподақтың жарғылық құжаттары мен құқықтық актілері», «Кәсіподақ ұйымдарының негізгі мақсат-міндеттері және құрылымы. Кәсіподақ мүшелігінің тиімділігі неде?», құқықтық еңбек инспекторы Берік Баймағамбетов «Жаңа Еңбек кодексін тәжірибеде қолданудың бірқатар сұрақтары», Біріккен комитет төрағасы Жанболат Орынбеков «Жұмыс берушінің актілері және оларды кәсіподақпен келісу тәртібі», Тараз қалалық кәсіподақ төрағасы Ирина Костина «Сабақ кестесін әзірлеу және оның жүзеге асуына тиімді кәсіподақтық бақылау орнату» тақырыбында дәрістер оқыды. Кәсіподақ қызметкері Әлия Джолшибекова семинар қатысушларымен рөлдік ойындар арқылы практикалық сабақ өткізді. Сұрақ-жауап сағатында заңгерлер еңбек туралы және салалық заңнаманы қолданудың бірқатар сұрақтары бойынша семинар қатысушыларының сұрақтарына жауап берді.
Жиын соңында кәсіподақ төрайымы Гүлсін Орынбаева семинарға қатысқандығы жөнінде куәлік тапсырып, тыңдаушылармен естелік суретке түсті.
Бейбіт БЕКНАЗАРОВ
-
Фото
-