БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМЫНЫҢ ІСКЕР КӨШБАСШЫСЫ
Қазіргі заманғы білім беру ұйымының көшбасшысы кім? Ол қандай болуы керек? Оның бойында қандай қасиеттердің болғаны жөн? Таяуда Тараз қалалық мәдениет үйінің мәжіліс залында «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы (БАҰО)» АҚ филиалы Жамбыл облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының ұйымдастыруымен жоғарыдағы сауалдарға жауап іздестірген «Білім беру ұйымының іскер көшбасшысы» атты облыстық форум өткізілді. Оған жергілікті жердегі білім беру ұйымдарының басшылары, салаға қатысы бар қоғамдық бірлестіктердің жетекшілері қатысты.
Алқалы жиынның ашылу салтанатында «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Жамбыл облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының директоры, п.ғ.к. Ғалия Сыздықбаева, «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат және Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Жамбыл облыстық ұйымының төрайымы Гүлсін Орынбаева өткізіліп отырған іс-шараның маңыздылығы жөнінде келелі сөз сөйледі.
Қазіргі таңда мектеп басшысының кәсіби құзыреттілігі зерттеушілік, басқарушылық, педагогикалық, коммуникативтік, диагностикалық дағдыларды қамтиды. Осыған байланысты Қазақстан Республикасындағы білім беруді дамытудың стратегиялық міндеттері де ұстаздардың кәсіби білімі мен біліктілігін тұлғалық деңгейлерімен анықтауды қарастырады. Облыс орталығында ұйымдастырылған форумның да негізгі мақсаты мектеп директорларының арасында кәсіби деңгейі жоғары басшыны айқындау және ел ішінде олардың жақсы имиджін қалыптастыру, сондай-ақ мектеп басшыларының білім беру жүйесін жаңарту жағдайына жекелей қосқан үлестерін зерделеп, соларды облыс көлеміне тарату болып табылды. Көзделген мақсатқа жету үшін Форум аясында облыстағы білім беру ұйымдарының басшылары арасында «Білім беру ұйымының іскер көшбасшысы» байқауы ұйымдастырылды. Байқау екі кезеңді қамтыды: аудандық және облыстық. Олар бекітілген кестеге сәйкес барлық аудандар мен облыс орталығы Тараз қаласында өткізілді. Іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылуына Тараз қаласы мен Байзақ, Шу, Т.Рысқұлов, Жуалы, Қордай аудандарының білім бөлімдері үлкен жаупкершілік танытты. Жалпы байқауға облыстағы білім беру ұйымдарының 73 мектеп директоры қатысты. Қорытындысында 12 мектептің басшысы облыстық кезеңге өтті.
Форум барысында байқау жеңімпаздары мен номинанттары зерттеулерінің нәтижелерін жұмысқа енгізу бойынша өз тәжірибелерімен, жаңалықтарымен, қол жеткізген жетістіктерімен бөлісті. Бұдан бөлек форум шеңберінде жұртқа білім беру ұйымы басшыларының жетістіктері таныстырылып, бейнероликтер, мультимедиялық презентациялар және әдістемелік көрме көрсетілді.
Жиын соңы облыстық байқауға қатысып, жеңімпаз атанған озаттарды марапттау рәсіміне ұласты. Осыған орай өз қарсыластары арасында оза шауып бәйге алғандар әртүрлі марапттарға ие болды. Атап айтқанда, «Іскер көшбасшы» номинациясын Шу ауданының №40 орта мектебінің директоры Гүлбарам Тұрлыбек иеленсе, «Білікті басшы» номинациясын Т.Рысқұлов ауданының М.Әуезов шағын орталықты тірек мектебінің директоры Мадина Сарсенова, «Зерттеуші басшы» номинациясын Жуалы ауданының №25 Ақыртөбе тірек мектебінің директоры Гүлнара Абилдаева және «Құзыретті басшы» номинациясын Мойынқұм ауданының Төлепбергенов атындағы орта мектебінің директоры Елеукүл Тлебалдиева иеленді. Ал байқаудың 3-ші орынына Жамбыл ауданының Чкалов атындағы орта мектебінің директоры Найла Ерғазиева, Тараз қалалық №50 орта мектептің директоры Рахия Есеева және Талас ауданының Қаратау қаласы лицейінің директоры Мақсат Қазанғапов лайықты деп танылса, жүлделі 2-ші орынға Байзақ ауданының Қазақстанның 40 жылдығы орта мектебінің директоры Гүлмира Есентаева мен Сарысу ауданының Отарбаев атындағы орта мектебінің директоры Дариға Ыдырысова тұрақтады. Байқаудың 1-ші орнын Меркі ауданының №5 Ақарал орта мектебінің директоры Нұрила Қойшыманова жеңіп алса, ал бас жүлде – гран-при Тараз қалалық №43 орта мектебінің директоры Гүлнара Раптаеваға бұйырды.
Дәл осындай құрметті жеңімпаздарға өз кезегінде Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Жамбыл облыстық ұйымының төрайымы Гүлсін Орынбаева да көрсетті. Ол салалық кәсіподақтың атынан бірнеше директорға Құрмет грамотасын табыс етті. Форумның соңында атқарылған жұмыстың нәтижесіне қарай облыс педагог қауымдастығының арнайы ҮНДЕУІ қабылданды.
Бейбіт БЕКНАЗАРОВ
-
Фото
-