
Батыс Қазақстан облысында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған білім және ғылым қызметкерлерінің облыстық «Денсаулық» спартакиадасы өткізілді
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Орал қаласында 24 – 26 наурыз аралығында Облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ мүшелері арасында «Денсаулық» спартакиадасы ұйымдастырылды. Бұл шараның мақсаты – кәсіподақ ұйымдарының жұмысын жетілдіру мен бірлігін нығайту, білім және ғылым қызметкерлері арасында салауатты өмір салтын насихаттау.
Спартакиаданың ашылуымен құттықтау үшін алғы сөз Облыстық білім басқармасының орынбасары Нұрлан Сабировқа берілді. Ол өз сөзіндежарысқа қатысушыларды құттықтап, бұл шараны өткізу мақсатына тоқталды. Кәсіподақ тек қана еңбеккерлердің әлеуметтік – экономикалық және еңбек құқықтарын қорғаумен ғана шектелмей, Елбасының халыққа Жолдауында қойылған міндеттерді де жүзеге асыруға атсалысып, салауатты өмір салтын сақтауды кеңінен насихаттауға қолдау көрсетіп отырғаны үшін облыстық кәсіподақ ұжымына және білім қызметкерлеріне ризашылығын білдірді. Спартакиаданы ашық деп жариялап, спортшыларға сәттілік тіледі.
Батыс Қазақстан облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Ербол Салықов, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің бірінші проректоры Әсет Тасмағамбетов Елбасының мемлекетіміздің әлеуметтік тұрақтылықты қалыптастыруға, әлеуметтік бағдарлы реформаларды жүзеге асыруға бағытталған бастамаларына кәсіподақтар әрқашан қолдау көрсетіп, жақында болған саяси науханға да белсенді қатысқандары туралы айтып өтті.
Облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ төрағасы Марат Даупаевжарысқа қатысушы спортшыларға сәттілік тілеп, жыл сайын өткізілетін дәстүрлі «Денсаулық» спартакиадасында арнайы шақырумен келген қонақтарға, соғыс және тыл ардагерлеріне, алғыс білдірді.Сонымен қатар, жастарға үлгі тұтарлық соғыс және тыл ардагерлері мен ұстаз ардагерлерге құрмет көрсетіліп, заттай сыйлықтар мен гүл шоқтары табыс етілді.
Батыс Қазақстан облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы, Облыстық білім басқармасы және М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетініңұйымдастыруымен өткізіліп отырған спорттық – көпшілік шараға облысымыздың аудандық және облыстық білім мекемелерінен құралған 23 құрама командалары қатысып, спорттың волейбол және үстелді теннис ойындарынан бақ сынасты.
Ептілікті сынға салған сәтте бірі жеңіп жатса, екіншісі жеңіліп жатады. Осы орайда жиналған спортшыларымыз өздерінің үлкен дайындықпен келгендерін байқатты. Бақталасқан қызу ойын сәттерінде әр ауданнан келген білім бөлімінің басшылары ойын соңына дейінқатысып, аудан намысын қорғауға атсалысқан командаларға жанкүйерболды.
«Денсаулық» спартакиадасының ережесіне сәйкес, волейбол ойыны бойынша І орын – Бөкейорда ауданы; ІІ орын – Шыңғырлау ауданы; ІІІ орын – Жаңақала ауданы иеленді. Ал, үстелді теннистен І орын – Зеленов ауданының 2-ші командасына; ІІ орын – Бөрлі ауданына; ІІІ орын – Жәнібек ауданына бұйырды.
Білікті төрешілердің саралауы бойынша спортшылар арасынан үздік ойыншылар да анықталып, грамоталармен марапатталды.Олар, волейбол ойынынан Ақжүніс Нұрланова (Бөкейорда командасы), Санат Саматов (Шыңғырлау командасы), Мерхан Демеуов (Жаңақала командасы) және үстелді теннистенРуслан Мурзагалиев (Зеленов ауданының 2-ші командасы), Марина Денисова (Бөрлі командасы), Эмиль Шамилов (Жәнібек командасы).
Екі күнге созылған облыстық «Денсаулық» спартакиадасының қорытындысында командалық жалпы есеппен «Теректіліктер» жеңіс тұғырына көтерілсе,екінші, үшінші орындарды «Шыңғырлау» және «Бөрлі»құрама командалары бөлісті.
Осымен екінші жыл қатарынан облыстық спартакиадасында І орын иеленген Теректі ауданының құрама командасына «Ақжайық» шипажайына тегін 10 жолдама және жүлделі орындар иеленген Шыңғырлау, Бөрлі аудандарының командаларына кубоктар мен заттай бағалы сыйлықтар берілді.
Жарыс соңында сөз М.Өтемісов атындағы БҚМУ доценті, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген спорт жаттықтырушысыҚамеш Исмағұловқа берілді. Ол бүгінгі жарыс жоғары деңгейде өткенін айта келіп, ұйымдастыру алқасының басшылары мен БҚО білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Марат Оразалыұлына алғысын білдірді.Жастарды патриоттық тұрғыда тәрбиелеу мен дені сау ұрпақ қалыптастыруға әрқашан кәсіподақ ұйымымен әріптестік танытып отыратын «Батыс Қазақстан облыстық Ауғанстан ардагерлері одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Олег Пимонов және Мұқтар Есболатов, Нұржан Қодаровтар да жастарға жалынды тілектерін жолдады.
Қорыта келгенде, бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырысы мен табысы мол болмақ дегендей, мұндай шаралар салауатты өмір салтын насихаттаумен ғана шектелмейді. Бәсекелестікті арттырумен қатар жас буынға үлгі – өнеге болары анық.
Тәуелсіздік тұғырын әрқашан биік ұстайық! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, бірлігіміз одан әрі жарассын! Қазақстанның көпұлтты халқының татулығы, ынтымақтастығы, бейбітшілігі – біздің еліміздің ең басты байлығы.Бірлігімізді ардақтай білейік!!!
Мақаланы дайындаған: бас маманМарина Темірғалиева
Фотоға түсірген:Әлия Темірғалиева
-
Фото
-