Өмір – дастан
Ақтау қаласындағы №21 орта мектепте бар ғұмырын бала санасын сәулелендіруге арнаған ұлағатты қос ұстаз Рая Ұлықпанқызы мен Гүлзада Қорабайқызына арналған «Өмір – дастан» атты кеш болып өтті. Кешке қос ұстаздың ұстаздары, сыныптастары, шәкірттері, курстастары, группаластары, достары, тума – тумаластары қатысты.
Мектепке кіре бергенімізде өзімізді бір ерекше күйде сезіндік. Күмбірлеген домбыра, сазды ән әуендері мен кіре берістегі есіктен кеш өтетін залға дейін әсемделіп безендірілген. Үлкен экраннан көрсетіліп тұрған қос ұстаздың өнегелі өмірінен сыр шертетін бейнебаян жүрекпен тілдесіп тұрғандай. Осы бейнебаян арқылы қос ұстаздың ұстаздары мен сыныптастары, достары, курстастары, шәкірттері, әріптестерінің пікірі тыңдалды. Қос ұстазға арнап 1 – сынып бүлдіршіндері әннен шашу шашты.
Алдымен сахна төріне ұлағатты ұстаз Гүлзада Қорабайқызының сынып жетекшісі Ғалия Тұрарқызы көтеріліп, өзінің шәкіртінің Маңғыстаудың Швейцариясы атанған Шайыр жерінде мектеп бітіргендігін айта келіп, педагогикалық қызметті таңдап алған кезінен осы кезге дейінгі жетістіктерін үлгі тұтып, мақтан етті. Кері байланыс жасап, бір сәт Гүлзада Қорабайқызының балалық шағына саяхат жасады. Өмірден өткен ата – анасы, ағасы ақын – сазгер Ерекен Қорабаев туралы қызықты сәттерден сыр шертті.
Өмірдің мазмұнды сатысына көтеріліп, қыз ұзатып, келін түсіріп, немере қылығын қызықтаған бақытты жан. Жақсылықтың қос қанатына мінген білікті ұстаз. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға»,- деген Абай сөзін өзінің өмір қағидасы санаған Гүлзада әрдайым шәкірттерінің жүрегінен орын алып жүргенін, білім саласында өзіндік орны бар екенін айта келіп, қос ұстазды бүгінгі мерейлі мерекелерімен шын жүректен құттықтады.
Гүлзада Қорабайқызының сыныптас досы, группаласы, Маңғыстау аудандық білім бөлімінің әдіскері, аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрайымы Д. Ақжанова: «Бұл білім ордасы – Гүлзада, Рая сияқты білікті ұстаздар еңбек ететін киелі шаңырақ. Ол – Астанадағы Бәйтерек сияқты биіктен көрінген мектеп. Гүлзадамен мектеп қабырғасынан доспын. Баршаның жүрегінен орын алған ол, елінің елеулісі атанып, еккен ағашының жемісін көріп отыр», - дей келе, облыс көлемінде атап өтіп жатқан шараны ұйымдастырған, мектеп басшысына алғысын айтты. Қос ұстазды мерекелерімен құттықтап, табыс тіледі.
Атыраудан келген курстас, группалас досы, «Ы. Алтынсарин» медалінің иегері Баршагүл Әубекерова, сыныптас досы Қамбар Келдімағамбетов, Аман Сандыбаев, курстасы, жергілікті қаламгер Қожахмет Демеубергенұлы Гүлзаданың мамандық таңдауда қателеспегенін, мектеп қабырғасында жүріп «апай» атанғанын, тумысынан педагог, уақыт кемесінен қалыс қалмайтын, шәкірт жүрегінен жол таба білетін, ағайын, дос – жаранның да көңілін таба білетін ұлағатты жан екенін сөз өте келіп, жан – жақты мәртебесін көрсетіп, ұлағатын ұлықтап жатқан кештерімен құттықтап, бақытты сәттеріңіз көп болсын деген жүрекжарды тілектерін жеткізді.
Қос ұстазбен әңгіме сұрақ – жауап түрінде өрбіген сәтінде Рая Ұлықпанқызы өзінің мамандығын сүйікті жарынан да бұрын таңдап қойғаның, өз таңдауын ешқашан өзгертпейтінің айта келе, «өз мамандығымды шын сүйдім, жақсы атқардым, әрбір шәкірт менің жалғызым», - деп ағынан жарылды.
Рая Ұлықпанқызының достары, әріптестері оның ісіне жауапты, мұқият, адал, педагог маман ретінде ізденімпаз, өзінің бойындағы дарынын, жақсы қасиетін өз шәкіртіне бере білген, өмірдің жаңа талаптарына ілесе білген ұлағатты ұстаз деп бағалады. Әріп танып, мектеп қабырғасында бірге оқыған, одан қалды курстас, группалас, ұстаздық жолдарын бірге бастаған достары балалық шақтан дана шаққа дейін үлгі болған қос ұстазға деген ыстық лебізін білдірді.
Қос ұстаз да шәкірттеріне аса мейрімді, шыншыл мінезді, өнегесі асыл, пейілі дархан, жаны жайсаң, еңбекқор ұлағатты жан. Мыңдаған шәкірттерге өмірлік жолдама берген ұстаздардың өмір жолы тәжірибеге бай, өнегелі, тәлім – тәрбиеге толы.
Кешке қатысқан Облыстық оқу әдістемелік және қосымша білім беру орталығы директорының орынбасары Ырыскүл Имамбаева, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы ПҚ БАИ директоры Индира Жұмағалиева, осы институт директорының орынбасары Ақзияш Дүйсенбаева, «Қазақстан салалық Білім және ғылым қызметкерлерінің Маңғыстау облыстық кәсіподақ ұйымы» қоғамдық бірлестігінің маманы Асылтас Аманиязова, Ақтау қалалық білім үйлестіру орталығының басшысы Жаңагүл Үмбетова, кештің қонағы ардагер ұстаз Зағипа Баетовалар көгілдір көктем мерекесімен құттықтап, «Қос ұстаз айтылған жүрекжарды лебіздерге лайық, төрде отырған қос замандас, қос қарлығаштың ұрпақ тәрбиесіне қосқан үлесі зор. Бүгінгі кеш соның жемісі, білім саласындағы есеп беру кеші іспеттес» деп бағалап, сый – сыяпаттарын жасап, құрмет көрсетті.
Ақтарылған ақ тілектер, сағынышқа толы естелік ағыны толқып барып басылған телегей теңіздей болды. Көрсетілген құрметке мектеп ұжымына, шынайы алғыстарын жеткізген құрмет иелері бұл игілікті іс жалғасын тауып, құрметке лайық жандар әрқашан биіктен көрінсе деген тілектерін айтты.
Ұлағатты ұстаздардың құрметіне арналған кеш шәкірттер дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.