Ұжымдық шарт – жұмыс беруші мен ұжым арасындағы жемісті ынтымақтастықтың негізі
Шығыс Қазақстан облысы Өскемен политехникалық колледжінде кәсіподақ комитетінің жаңадан сайланған төрағасы Сүлейменов Ержан ұжымдық шарт жасау рәсіміне өзінше жаңалық енгізді. Әкімшілікпен келіссөздер жүргізу нәтижесінде жаңа ҚР Еңбек кодексіндегі өзгерістерді ескере отырып жасалған Ұжымдық шарттың жобасымен ұжым кеңінен танысуы үшін бар мүмкіндіктерді қолданды. Шарттың жобасын колледждің сайтына шығарды, хабарландыру тақталарына іліп қойды. Сондай-ақ ұжым мүшелерінің осы жобаға өзгерістер мен ұсыныстарын жинау үшін арнайы жәшік жасап, оны көрнекті жерге қойды.
Ұжым жиналысында жәшік көпшіліктің көзінше ашылып, ішіндегі ұсыныстар ашық талқыға түсті. Талқылауға берілген бір ай мерзімінде ұжымнан бірталай ұсыныстар жиналған екен.
Жиналысқа колледж директоры Исин И.С. өзі қатысып, қызметкерлермен пікір алмасты. Қызметкерлердің әлеуметтік кепілдіктеріне, олардың жұмыс орындарының қолайлы әрі қауіпсіздігіне қатысты ұсыныстар қызу талқыланып, ортақ шешім шығарылды.
Ұжымдық шарт – бұл қызметкерлердің өзекті мәселелерін әкімшілікпен бірлесіп шешу жолы.
-
Фото
-