
Көшпелі семинар ШҚО Күршім ауданында
Еңбек кодексі
Бүгінгі күнде ел саясаты дамуының басты бағытына айналған «Қазақстан – 2050» Стратегиясында талқыланған мәселелердің бірі - қоғамдық тұрақтылық пен келісімді қамтамасыз ететін күшті әлеуметтік саясат екені баршамызға аян. Ел экономикасының басты қозғаушы күштерінің бірі – адам ресурсы, еңбек қатынастары болғандықтан, биылғы жылы қолданыстағы Еңбек кодексіне бірқатар өзгерістер енгізіліп, оған Елбасының қол қойғаны белгілі. Біраз уақыт көпшілік арасында талқыға түскен жаңа заң 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді.
Осыған орай жаңа Еңбек Кодексін талқылау, білім қызметкерлеріне түсіндіру мақсатында Облыстық кәсіподақ комитетінің ұйымдастыруымен 2016 жылғы 2 наурызда №3 Күршім гимназиясының ғимаратында Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданының білім беру мекемелерінің басшылары, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары, сол мекемеде құрылған келісім комиссиясының мүшелері, қатысушылардың жалпы саны 201-ді құраған облыстық көшпелі семинар өткізілді. Семинардың жұмысын облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрайымы Қасенова Назгүл Базарбайқызы, заңгер Қайсенов Бауыржан Маратұлы жүргізді.
Аталмыш семинар жаңа Еңбек Кодексіне түсінік беру және ұжымдарда құрылған келісім комиссияларының жұмысын ұйымдастыру сынды екі бөлімді қамтыды. Сондай-ақ баяндамашының сөзіне түсінік берер қосымша мәліметтері бар таныстырылым да көрсетілді.
Қасенова Назгүл Базарбайқызы 2007 жылғы және жаңа Еңбек кодекстеріне салыстырмалы талдау жасап, құжаттың құрылымдық жағынан ерекшеліктерін атап өтіп, бейбәсекелестік туралы талаптар, өндірістік кеңес, техникалық инспектор, жұмыс берушінің актілері, жұмыскердің өкілі сияқты жаңа анықтама-нормаларға баса назар аударды.
- Еңбек кодексінің жаңа заңында еңбек қатынастары жаңа сатыға көшіріліп жатыр. Көп жағдай жұмыс беруші мен жұмысшының арасындағы келісімшарты, ұжымдық шарты негізінде шешіледі. Ұжымдық шарттың маңыздылығы артады.
Семинарға келген білім қызметкерлері семинар ұйымдастырушыларының алдын ала берген әдістемелік үлестірме нұсқаулығымен танысып, дайындалып келгендіктен, сұрақтары да көп болды. Балалар демалыс лагерінің басшысы Т.Тойбаев, «Болашақ» балабақшасының меңгерушісі Қ.Қуат, Күршім №1 орта мектебінің директоры Г.Қожахметова, Қыстаукүршім негізгі орта мектебінің директоры Е.Кунапин және т.б. өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойып, мәселелерге нақты жауап алды. Үзіліс кезінде төрайым-Қасенова Н.Б. мен заңгер-Кайсенов Б.М. қоғамдық қабылдау ұйымдастырып, еңбек қатынастарына байланысты білім қызметкерлерінің жеке сұрақтарына жауап берді.
Тұтастай алғанда, жаңа Еңбек кодексі еңбек қатынастары саласында жұмыс беруші мен қызметкерлер арасында туындайтын көкейтесті мәселені шешу жолдарын көрсетіп берді.
Осындай маңызды да мағыналы, кең көлемді түрде өткізілген көшпелі семинарды ұйымдастырған облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрайымы Қасенова Назгүл Базарбайқызына алғысымыз шексіз.
Г.С.Шакерова№ 3 Күршім гимназиясының директоры
-
Фото
-