
Жаңа Еңбек кодексінің еңбекшілерге жақын жақтары
«Білім беру және ғылым қызметкерлерінің Шығыс Қазақстан облыстық кәсіподақ ұйымы» қоғамдық бірлестігі қызметкерлерінің жетекшілігімен қалалық, аудандық салалық кәсіподақ ұйымдары ҚР Еңбек кодексіне сай және еңбекақы есептеудің жаңа жүйесіне көшу барысында білім беру мекемелері қызметкерлерімен оқыту-үйрету іс-шараларын өткізуде.
Жыл басынан бері Өскемен қаласының білім беру қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы қала мектептерінің және бала-бақшаларының ұжымымен жаңа еңбекақы есептеу бойынша кездесулер өтіп, еңбекақының әділетті төленуіне бағытталған жұмыстар атқаруда. Атап айтқанда Крупская атындағы интернаттың логопед қызметкерінің еңбекақысының қате есептелгендігі анықталып, оның дұрыс есептелуіне көмек көрсетілді. Өскемен қаласының прокуратурасы тарапынан № 30,24,43,9,10 мектептеріне салынған үш миллионнан астам айыппұл Кәсіподақ өкілінің қатысуымен сотта қаралып, бұл мектептерге салынған айыппұл өтемдерінің күші жойылды.
ҚР Еңбек кодексіне сәйкес мекемелерде құрылатын келісім комиссиясы мен өндірістік кеңестің жұмыстары жайында Күршім ауданы білім беру қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының төрағасы Ә. Қосамбеков №3 мектеп гимназиясы ұжымымен кездесуінде, Шемонайха ауданында кәсіподақ төрағасы Т.В.Михайленко аудан әкімшілігінің отырысында мәліметтер берді. Жеке еңбек дауларын шешу жөніндегі келісу комиссиясы тұрақты қызмет атқаратындығы, құрамы және жұмыс тәртібі, мазмұны мен шешімдер қабылдау тәртібі, ұйым басшысы мен кәсіподақ комитетінің арасындағы келісім түрлері сияқты мәселелер талқыланды.
Ұжымдық шарттың әлеуметтік-еңбектік қатынастарды реттеудегі маңызды рөлі туралы Зырян аудандық білім беру қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының төрағасы Е.А. Крупко директорлар кеңесінде баяндап, жоспарға сай білім беру бөлімінің мамандарының қатысуымен мектеп басшылары мен бухгалтерлердің басын қосып, еңбекақы есептеудің жаңа жүйесі жөнінде семинар өткізді.
Риддер қаласының Экономикалық мектеп лицейінде жұмыс беруші мен қызметкер арасында еңбек шартын дұрыс бекіту туралы, жеке санатты қызметкерлердің (жүкті әйелдер, мүгедектер, кәмелетке толмағандар) құқықтары туралы дөңгелек үстел өтті, ал бала-бақша қызметкерлерінің қатысуымен «Жұмыссыздықты жою» және «Лайықты еңбекақы» атты флеш-моб ұйымдастырылды.
Іс-шараларға қатысушылар өздеріне қажетті мағлұматтар алғандығын айтып, ризашылығын білдірді.
Келісім комиссиясы мен өндірістік кеңестің жұмыстары және жаңа еңбекақы есептеу жүйесі жайында іс-шаралар облыс көлемінде жалғасын табуда.
Білім беру және ғылымқызметкерлерінің ШҚ облыстықкәсіподақ ұйымының маманы Баяқбаева Б.