
МҰҒАЛІМДЕР МҮДДЕСІН КӘСІПОДАҚ ҚОРҒАЙДЫ
2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде жаңа Еңбек кодексі мен Жалақы төлеудің жаңа моделі Заңы күшіне енді. Осыған байланысты қазіргі таңда жергілікті жерлерде Қазақстан Республикасы кәсіподақтар Федерациясының тапсырмасына сәйкес жаппай оқыту жұмыстары жүргізіліп жатқандығы белгілі. Бұған дейін баяндағанымыздай, мұндай игілікті істердің арнасы қолға алынған алғашқы күнінен бастап құрамында 64800 кәсіподақ мүшесі бар Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Жамбыл облыстық ұйымында да көрінісін тауып, мерзімді кезеңде еш үзілместен үздіксіз жалғасып келеді. Бір жағынан бұлай болуы заңдылық та. Өйткені, аталған іс-шара үстіміздегі жылдың 1 шілдесіне дейін толықтай аяқталуы тиіс.
Сала бойынша насихат жұмыстарының қарқынды түрде жүріп жатқандығының нақты бір дәлелі облыстағы білім мекемелерінің басшылары, қаржы-шаруашылық және кадр қызметінің мамандары, кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері үшін облыстық білім басқармасымен келісілген арнайы кестеге сәйкес ағымдағы жылдың 8-19 ақпан аралығында облыстың 10 ауданы мен Тараз қаласында көшпелі оқу-семинарлары өткізілді. Семинарға аймақтағы 700-ден аса білім мекемелері мен ұйымдарындағы еңбек ұжымдарынан 2000 аса сала өкілдері-кәсіподақ мүшелері қамтылды.
Көшпелі семинардың тізгінін Салалық кәсіподақтың облыстық ұйымының көшбасшылары Гүлсін Орынбаева мен Ерұлан Мағзымбеков кезектесіп ұстаған болса, нақты тақырып бойынша лектор-модераторлықты Әлеуметтік әріптестік жөніндегі облыстық екіжақты комиссия өкілдері, Құқықтық қызмет басшысы Берік Баймағамбетов пен Біріккен комитет төрағасы-Республкалық салалық Кеңес мүшесі Жанболат Орынбеков, сондай-ақ Кәсіподақтың облыстағы әр аймаққа бекітілген тиісті құқықтық инспекторлары жүргізді.
Семинарлардың жұмысы негізінен екі шартты бөліктен тұрды. Алғашқысы, күн тәртібіндегі мәселелер Жаңа Еңбек кодексін тәжірибеде қолданудың бірқатар сұрақтары, Өндірістік Кеңес пен Техникалық инспекторлар қызметі, Еңбек даулары мен Келісім комиссияларының жұмысы, Еңбек ақы төлеудің жаңа моделін тәжірибеде қолдану ерекшеліктері бойынша модераторлар кеңінен ақпарат-мәлімет берді, кейінгісі, сұрақ-жауап сағаты жүргізілді. Еңбек қатынастары мен еңбек ақы төлеудегі тың өзгерістер түбегейлі даярланған, өзгерістер туралы егжей-тегжейлі қаруланған модераторлардың негізгі ақпаратында қамтылды. Дегенмен, сұрақ-жауап сағаттары да барлық аймақтарда өте белсенді әрі жоғары қызығушылықпен өтті. Жалпы көшпелі семинарлар барысында 260 жазбаша, сонымен қатар ауызша сұрақтар мен өтініштер, сауалдар жолданды. Олардың ішінде осыған дейін әр деңгейде қолданыстағы заңнама аясында, әлеуметтік әріптестік актілерінде көрініс тапқан өзара міндеттемелер мен кепілдіктер аясында шешілгендері де, сонымен қатар тығырыққа тіреліп, түйіні шешілмей тұрғандары да болды.
Мысалы, Мойынқұм, Шу аудандарында біздің аймақта онжылдықтар бұрын шешімін тауып, күн тәртібінен мүлдем түсіп қалған ауылды жерде тұрып, еңбек ететін білім саласының қызметкерлері, мекеме басшыларына берілетін 25 пайыздық қосымша төлемнің тоқтатылуы, мектеп директорлары мен директор орынбасарларының негізгі қызметімен қоса пән мүғалімі-педагог ретінде 9 сағаттық жүктеме алуының күмәнділігі, балабақша қызметкерлеріне қойылатын талаптар төңірегіндегі түсінбеушіліктер, үш деңгейлі курстардан өткен ұстаздарға берілетін қосымша төлемдер сынды бірқатар сауалдар қызу пікіралмасу өзегіне айналды.
Меркі ауданындағы бюджет тапшылығының салдарынан ұстаздарға отын үшін берілетін бір мезгілдік өтемақылардың тоқтатылуы, Сарысу мен Талас, ішінара Т.Рысқұлов аудандарындағы білім мекемелерінде еңбек ететін медицина қызметкерлеріне берілетін қосымша ақының, білім мекемелеріндегі бос орындарға қызметкерлерді тек жұмыспен қамту орталығының жолдамасымен ғана алуға болады деген қате пікір аясындағы бітпестей дауға айналған түйткілдер, Жуалы ауданындағы қазандық құрылғыларының аға операторларын маусымдық жұмыскерлер санатына ауыстыру әрекеті, Байзақ ауданындағы үшдеңгейлік курстарын тәмамдап, сол ұстаздық еңбегі үшін мемлекетпен кепілдік етілген қосымшаларды алудағы келеңсіздіктер және тағы басқа да көптеген сұрақтар легі түсіп жатты. Барлық аймақтардағы семинарлар барысында көтерілген ортақ мәселе білім саласындағы бітпейтін тексерулер, оның аясындағы қағазбастылық, нәтижесінде, кей жағдайда қолданыстағы заңдылыққа сай емес, тіпті қарама-қайшы тексеру актілері мен анықтамалардың берілуі, қоғамда, БАҚ-тарда мұғалімнің мәртебесін көтеруге емес, оның білімі мен білігінің жеткілікіздігін, тәрбие беру ісіндегі олқылықтарын «паш етуге» бағытталған ақпараттардың белең алып бара жатқандығын айтып, кейіген әріптестер болды.
Түскен сауалдардың ешқайсысы да жауапсыз қалған жоқ. Семинар барысында нақты жауап беруге болатындарға мүдірместен түсіндірме берілді, қосымша зерттеп-зерделеуді қажет ететін мәселелер заңгерлердің қоржынына түсіп, қазіргі таңда сарапталуда.
Әлбетте, бір күндік, 3 сағаттық семинар-кеңесте білім саласындағы еңбек қатынастарына қатысты қордаланған барлық мәселені шешу мүмкін емес. Қалай дегенмен, аталған көшпелі семинардың мекеме басшыларына, қаржы-экономикалық, кадр қызметінің мамандарына, кәсіподақ жетекшілеріне берері мол болғандығы талассыз. Еңбек заңнамасындағы жаңалықтарды түсіндіру, дұрыс әрі түсінікті әдіс-тәсілдермен жеткізу шарасы қызу басталды, жалғасы болары сөзсіз. Ең бастысы, заңнамадағы өзгерістер қарапайым еңбек адамының жағдайын нашарлатпай, құқығын аяқ асты етпей, керісінше, бейнетіне қарай зейнетін беретін құқықтық құралға айналады деген ойдамыз.
Бейбіт БЕКНАЗАРОВ,
ЖАМБЫЛ облысы
-
Фото
-