Ол күндер мәңгі есте сақталады...
Осыдан 27 жыл бұрын яғни 1989 жылдың 15-ақпанында, геосаяси кордонға айналған Ауғанстаннан 10 жыл соғысудан көз ашпаған КСРО әскері шығарылды. Кеңес Одағының үлкен қателігі көптеген тағдырды жалмап, талай сарбаздың сағын сындырды. Күнгейдегі қан майданнан қайтпай қалған қаракөз бауырларымыз қаншама десеңізші?! Мереке деуге де келмейтін бұл күн сол соғыста от кешкен қаншама бауырларымыздың қаралы күндерді, елге жете алмаған қаруластарын еске алатын күн болып қалды.
Интернационалист-батырларымызды, оның ішінде соғыстан кейін де еңбектен тыс қалмай білім саласында қажырлы еңбек етіп, жас ұрпаққа тыныштықтың, бейбітшіліктің қадірін ұғындырып, Отансүйгіштік, патриоттық рухта тәрбиелеп келе жатқан ардагерлердің ерліктерін жаңғырту мақсатында Түркістан қалалық білім бөлімі мен білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ комитеті жыл сайын арнайы іс-шара ұйымдастырып, осындай азаматтарымызғы лайықты құрмет көрсетіп келеді.
Биыл да сол кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 27 жыл толуына орай аталған қос мекеме арнайы жиын өткізіп, бүгінде түркістандық білім саласында еңбек етіп жүрген Ауған соғысының ардагерлеріне тағы бір рет құрмет көрсетті. Қаламыздағы №24 жалпы орта мектебінде өткен шараға Оңтүстік Қазақстан облыстық кәсіподақтар кеңесі оқу орталығының төрағасы Қарабеков Ғани Ажединұлы, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Оңтүстік Қазақстан облыстық комитетінің төрағасы Шалқар Әшірбек Қиянтайұлы, Түркістан қалалық білім бөлімінің басшысы Шойбеков Бекарыс Ақсақалұлы, Түркістан қалалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрайымы Әсілбаева Гүлжан Әсілбайқызы, Түркістан қалалық Ауған соғысы ардагерлері кеңесінің төрағасы Әзімбай Қожабаев, білім саласында еңбек етіп жүрген ардагерлер, мектептердегі АӘД пәні мұғалім-ұйымдастырушылары, ұстаздар мен оқушылар қатысты.
Интернационалист жауынгерлер зор қошеметпен залға енгеннен кейін оларды алғашқылардың бірі болып құттықтаған Оңтүстік Қазақстан облыстық кәсіподақтар кеңесі оқу орталығының төрағасы Ғани Ажединұлы мен Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Оңтүстік Қазақстан облыстық комитетінің төрағасы Әшірбек Қиянтайұлы сол бір сұрапыл жылдар қоғам үшін қаншалықты ауыр болғанын айта келе кейінгі буын соғыс отын көрмесін, еліміз тыныш, аспанымыз ашық болып, халқымыз бейбітшілікте өмір сүрсін деген ниеттерін білдірді. Сонымен қатар, қалалық білім бөлімінің басшысы Бекарыс Ақсақалұлы мен қалалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрайымы Гүлжан Әсілбайқызы да сөз алып, отқа оранған он жылда оқ пен оттың ортасында жүрген ардагерлер мен жат жерде перзенттерінен, бауырларынан айырылған отбасыларына бүгінде қанша құрмет көрсетсек те аздық ететінін тілге тиек етті. Ардагерлерге білім бөлімі мен кәсіподақ комитетінің алғыс хаттары мен бағалы сыйлықтарын тапсырды. Өз кезегінде ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіруге асыққан Ауған соғысының ардагерлері Жақсылық Жантілес пен Арыстан Ахметовтар сахнаға көтеріліп, өздеріне үнемі қамқор болып жүрген Гүлжан Әсілбайқызына шынайы ризашылықтарын білдірді. Арыстан Ахметов соғыс зардаптарын еске алып, еңселері түсіп отырған көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, тіпті ризашылығын әсем ән арқылы жеткізді.
Гүлжан Әсілбайқызының Ауған жерінен аман оралғандарға қамқор болуының да өзіндік себептері баршылық. Себебі, сол жылдары қалалық атқару комитетінде жауапты қызмет атқарған Гүлжан Әсілбайқызы әскерге шығарып салып, Ауған жерінен оралғандарды, тіпті жансыз денелерін күтіп алған, олардың отбасыларына естірткендердің басында болған. Сол бір кездердің қаншалықты ауыр болғанын, перзентінің жансыз денесін қарсы алған әкелер мен аналардың зарларын әлі де күрсініспен еске алып отырады. Сондықтан да күні бүгінге дейін ардагерлерді назардан тыс қалдырмай денсаулықтарын сақтау мақсатында түрлі демалыс орындарына тегін жолдамалар беріп отырады. Ардагерлердің арасында Гүлжан Әсілбайқызының қолдауымен Германияда ем қабылдап қайтқандары да бар. Бір сөзбен айтқанда комитет төрайымын Ауған соғысы ардагерлерінің анасы атанып кеткен десек қателеспейміз. Аналарының қамқорлығын ұмытпаған Ардагерлер кеңесі осыдан бірнеше жыл бұрын Гүлжан Әсілбайқызын Ауған соғысы ардагерлерінің Республикалық кеңесінің «Сауап» медалімен марапаттаған болатын. Бұл жолы да құралақан келмепті. Көпшіліктің алдында оның жасаған жақсылықтарын айта келе Түркістан қалалық Ауған соғысы ардагерлері кеңесінің төрағасы Әзімбай Қожабаев пен бір топ ардагерлер Ауған соғысы ардагерлерінің Республикалық кеңесінің төрағасы, «Халық Қаһарманы» Бақытжан Ертаевтың атынан Гүлжан Әсілбайқызына Сабыр Рахымов атындағы орденін табыс етті. Лайықты марапат деген көпшілік марапат иесіне зор қошеметтерін көрсетіп жатты...
Арнайы шара барысында қалалық балалар мен жасөспірімдер орталығының жас өнерпаздары ардагер ағаларына ән мен жырдан шашу шашып, шараның жоғары деңгейде өтуіне, жиналғандардың рухани демалуларына үлестерін қоса білді.
Түркістан қаласы«Ұстаз» газетінің редакторы
Акбар Исхаков
-
Фото
-